Ақмолада білім саласының ардагері Күләш Темірбаеваны мерей тойымен құттықтады

    1 / 3

    Ақмола облысында білім беру саласының ардагері, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы, тыл еңбеккері Күләш Хаджанқызы Темірбаева 90 жасқа толды.

    Мерейтой иесін айтулы күні Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әмренова өңір басшысы Марат Ахметжановтың атынан құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.Күләш Хаджанқызының өңірдің білім беру жүйесін дамытуға қосқан зор үлесін атап өтіп, ұзақ жылғы еңбегі мен өнегелі өмір жолына құрмет білдірді.

    Күләш Темірбаева 1936 жылғы 22 қарашада Солтүстік Қазақстан облысының Қараағаш ауылында дүниеге келген. Петропавл педагогикалық институтын тәмамдаған соң, еңбек жолын ұстаздықтан бастады. 1967 жылдан бастап Көкшетау қаласындағы №9 орта мектепте қызмет етіп, 1970–1997 жылдары мектеп директоры болды. Оның басшылығымен мектептің материалдық-техникалық базасы нығайып, тұрақты педагогикалық ұжым қалыптасты, білім сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді.

    Күләш Хаджанқызының өмір жолы білім беру саласындағы жемісті еңбегімен ғана емес, қоғамдық қызметімен де ерекшеленеді. Күләш Темірбаева қалалық Кеңестің халық депутаттарының 10 шақырылымының депутаты болып сайланып, Қазақстан мұғалімдерінің V съезінің делегаты болды. Сондай-ақ Көкшетау қаласындағы білім беру жүйесінің даму тарихы музейінің негізін қалаушы. 2009–2024 жылдары музейді үздіксіз басқарып, бүгінде оның кеңес төрайымы ретінде музей қорын толықтыруға және жас мамандарға тәлімгерлік етуге үлес қосып келеді.

    Білім саласындағы 55 жылдық еңбегі үшін Күләш Хаджанқызы «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбек ардагері» медалімен, Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі төсбелгісімен және басқа да көптеген марапаттармен наградталған.

    Күләш Темірбаеваның ғибратты ғұмыры мен саналы ғұмыры – бірнеше буын ұстаздарға үлгі. Мерейтой иесіне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасының амандығы мен шаттыққа толы күндер тілейміз!

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысының білім басқармасы" жаңалықтары