«Үздік жүргізуші – 2026» байқауы өтті

    1 / 9

    Өрт сөндіру автокөлігін басқару жүргізушіден жоғары кәсіби шеберлікті, жауапкершілік пен жылдам әрекет етуді талап етеді. Өрт орнына уақытылы жету және техниканың қызметтік міндеттерді орындауға дайындығы жүргізушінің біліктілігіне тікелей байланысты. Сонымен қатар ол жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауы тиіс.

    Жүргізушілердің кәсіби шеберлігін арттыру және өрт сөндіру техникасын басқару дағдыларын жетілдіру мақсатында өрт сөндіру автокөліктерінің жүргізушілері арасында «Үздік жүргізуші – 2026» байқауы өткізілді.

    Сайыс барысында қатысушылар өрт сөндіру автокөлігін басқару шеберлігін көрсетіп, «Жыланша өту», «Гаражға артпен кіру», «Автокөлікті тұраққа қою», «Сегіздік» және «Эстакадаға көтерілу» сияқты практикалық жаттығуларды орындады.

    Барлық сынақтар жүргізушілердің күнделікті қызмет жағдайларына барынша жақындатылып әзірленді. Қатысушылардан көлікті епті жүргізу, мұқияттылық, жылдам әрекет ету және күрделі жағдайда дұрыс шешім қабылдау қабілеттері талап етілді. Негізгі шарт – жаттығуларды белгіленген уақыт ішінде қатесіз орындау.

    Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды иеленіп, «Үздік жүргізуші – 2026» атағына №12 өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі, азаматтық қорғау сержанты Тимур Бекболұлы Әбілда ие болды. Екінші орын №8 өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі, азаматтық қорғау старшинасы Бекарыс Сұлтанқазыұлы Бейбітке бұйырды. Ал үшінші орынды мамандандырылған жасақтың жүргізушісі, азаматтық қорғау сержанты Қайрат Құрманбайұлы Жайнақов иеленді.

    Байқау жүргізушілердің кәсіби даярлық деңгейін бағалап, тәжірибе алмасуға және үздіктерді анықтауға мүмкіндік берді. Мұндай іс-шаралар жүргізушілердің шеберлігін шыңдап, төтенше жағдайларға жедел ден қоюға дайындығын арттыруға ықпал етеді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті" жаңалықтары