ШЫМКЕНТТЕ КҮЗГІ ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУ НАУҚАНЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

    1 / 4

    Өңірлік коммуникациялар алаңында күзгі әскерге шақыру науқанының қорытындысына арналған брифинг өтті. Брифингте Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы майор Н. Каракозев әскерге шақыруды ұйымдастыру және ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдерін жасақтау бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады.

    Бүгінде ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетіне қарасты бес әскери бөлім еліміздің әр өңірінде орналасқан. Олардың жеке құрамы төтенше жағдайлар кезінде халықты құтқару, эвакуациялау және апат салдарын жою жұмыстарын атқарады. Сондай-ақ зардап шеккендерді уақытша орналастыруға, гуманитарлық көмек жеткізуге және құтқару техникасын дайындықта ұстауға қатысады.

    Брифингте Шымкент қаласынан Ақмола облысының Ақкөл қаласындағы №55209 әскери бөлімін жасақтау жұмыстарына ерекше назар аударылды. Күзгі шақыру аясында бөлімге 32 үміткер ұсынылып, іріктеу талаптарына сәйкес келген 23 азаматты әскери қызметке жіберу жоспарланған. Іріктеу Қорғаныс істері жөніндегі қалалық департаментпен бірлесіп жүргізілді. Үміткерлердің денсаулығы, психологиялық жағдайы, физикалық дайындығы мен әскери қызметке ынтасы ескерілді. Сонымен қатар жастармен және олардың ата-аналарымен кездесулер өткізіліп, әскери қызметтің тәртібі, әлеуметтік кепілдіктері мен артықшылықтары түсіндірілді. Әскери қызметті өткерген азаматтардың азаматтық қорғау органдарына жұмысқа орналасу мүмкіндіктері мен жоғары оқу орындарына түсу кезіндегі жеңілдіктері де таныстырылды. Сарбаздарды жөнелту үшін 23 шақырылушы мен 2 сүйемелдеушіге барлығы 25 пойыз билеті броньдалды. Қажетті ұйымдастырушылық шаралар қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, әскерге шақыру науқаны бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталып, арнайы бейнесюжеттер жарияланды.

    Брифинг қорытындысы бойынша күзгі әскерге шақыру жоспарының 100 пайыз орындалғаны айтылды. Белгіленген міндеттерді сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру жұмыстары негізгі назарда болды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті" жаңалықтары