Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханада үздік кітапханалық жоба таңдалды

    1 / 4

    Жетісу облысының С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында кітапхана саласындағы озық тәжірибелерді саралап, тың бастамалар мен жаңашыл идеяларды қолдауға бағытталған «Үздік кітапхана жобасы» атты облыстық байқау өтті.

    Шығармашылық бәсекеге облыс кітапханаларынан 7 кітапханашы қатысып, өздерінің авторлық жобалары мен кәсіби ізденістерінің нәтижелерін ортаға салды. Байқаудың негізгі мақсаты – кітапхана қызметін жетілдіруге бағытталған тиімді жобаларды анықтау, кітапханашылардың шығармашылық әлеуетін арттыру, жаңа идеяларды қолдау және үздік тәжірибелерді кеңінен насихаттау.

    Байқау үш кезең бойынша ұйымдастырылды:

    І кезең – Таныстыру. Қатысушылар өздерін, еңбек жолын және кәсіби ұстанымдарын таныстырып, жобаларының негізгі бағыттары мен мақсаттарын айқындады.

    ІІ кезең – Жобаны қорғау. Кітапхана жұмысын жаңғыртуға, оқырмандар қатарын арттыруға, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға және заманауи ақпараттық қызметтерді дамытуға арналған тың жобаларын таныстырып, олардың өзектілігі мен тиімділігін негіздеді.

    ІІІ кезең – Сұрақ-жауап. Қатысушылар қазылар алқасының сұрақтарына жауап беріп, кәсіби білімдері мен тәжірибелерін, ұсынылған жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін көрсетті.

    Байқау барысында кітапхана ісін дамытуға бағытталған сан алуан идеялар мен мазмұнды бастамалар ұсынылды. Қатысушылардың жобаларынан оқырманмен жұмысты жандандыруға, жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға, кітапхананың қоғамдағы рөлін нығайтуға деген ұмтылыс айқын аңғарылды.

    Ұсынылған жұмыстар кітапханашылардың кәсіби ізденісі мен жаңашылдыққа деген талпынысын танытып қана қоймай, кітапхана қызметінің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашатын маңызды бастамалар ретінде ерекшеленді.

    Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдені Көксу ауданы Мәмбет ауылдық кітапханасының кітапханашысы Қараулов Мақсат Алғаұлы жеңіп алды. Ал байқауға қатысқан барлық кітапханашылар өздерінің белсенділігі, шығармашылық ізденісі мен кәсіби шеберлігі үшін Алғыс хаттармен марапатталды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы" жаңалықтары