Жетісу облысының С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында түркі әлемінің ұлы ойшылы, сопылық ілімнің көрнекті өкілі Қожа Ахмет Яссауидің өмір жолы мен бай рухани мұрасын дәріптеуге арналған «Яссауи – сопылық ілімнің шамшырағы» атты ойталқы ұйымдастырылды.
Шараның негізгі мақсаты – ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығын кеңінен таныстыру, сопылық ілімнің мәні мен маңызын түсіндіру, рухани мұрасын насихаттау арқылы өскелең ұрпақты адамгершілікке, имандылыққа және ізгілікке тәрбиелеу.
Ойталқы барысында Қожа Ахмет Яссауидің өмір жолы, шығармашылық мұрасы мен сопылық ілімінің негізгі ұстанымдары туралы мағлұматтар беріліп, «Қожа Ахмет Яссауи – түркі әлемінің рухани ұстазы» атты бейнеролик көрсетілді.
Кездесуге №11 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Айжан Сейдахметова қатысып, ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығы, сондай-ақ оның рухани мұрасының бүгінгі ұрпақ үшін тағылымдық мәні мен маңызы туралы мазмұнды баяндама жасады.
Шараның танымдық мазмұнын арттыру мақсатында ұлттық нақышта безендіріліп, қолдан жасалған «Даналық сандықшасы» көрнекілігі ұсынылды. Қатысушылар сандықшадан сұрақтар таңдап, өз білімдері мен танымдарын ортаға салды. Белсенділік танытқан оқушыларға Қожа Ахмет Яссауиге арналған қолдан жасалған тақырыптық бетбелгілер сыйға тартылды.
Сонымен қатар «Түркі руханиятының шамшырағы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, кітапханашы Сағынбек Ақерке көрмеге қойылған әдебиеттерге библиографиялық шолу жасады.
Шара соңында Қожа Ахмет Яссауи мұрасының терең тәрбиелік мәні мен рухани құндылығы атап өтіліп, оның еңбектерін оқып-үйрену мен кейінгі ұрпаққа насихаттаудың маңыздылығы сөз болды.
Тағылымы мол ойталқы қатысушыларға рухани ой салып, түркі дүниесінің ұлы тұлғасы Қожа Ахмет Яссауидің өмірі мен мұрасын тереңірек танып, оның даналыққа толы өсиеттерінен өнеге алуға мүмкіндік берді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









