І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында қазақ ұлттық би өнерін дәріптеуге бағытталған облыстық «Жетісудың би өрнектері» байқауының іріктеу және ақтық кезеңі өтті.
Өнер додасына Жетісу облысының 8 ауданы мен 2 қаласынан барлығы 16 би ұжымы қатысып, өзара бақ сынады. Қатысушылар ұлттық би өнерінің бай мұрасын сахна төрінде паш етіп, көрермендерге әсем қимыл мен үйлесімділіктің, ұлттық нақыш пен көркемдіктің жарқын үлгісін ұсынды.
Байқаудың басты мақсаты – қазақтың ұлттық би өнерін дәріптеу, би мәдениетін сақтау және дамыту, сондай-ақ ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан төл өнеріміздің қадір-қасиеті мен тәрбиелік мәнін насихаттау. Сонымен қатар би өнерінің көркемдік деңгейін арттыру, жаңа таланттарды анықтау, шығармашылық ұжымдарға қолдау көрсету және олардың арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау көзделді.
Байқау екі бағыт бойынша ұйымдастырылды:
І кезең – Қазақ ұлттық биі. Бұл кезеңде қатысушылар қазақ халқының ұлттық болмысын, салт-дәстүрін, мәдениеті мен рухани құндылықтарын би тілі арқылы жеткізді.
ІІ кезең – Басқа халықтардың ұлттық биі. Қатысушылар өзге халықтардың би мәдениетін, ұлттық ерекшеліктері мен дәстүрлерін сахналық қойылымдар арқылы көрсетті.
Әрбір би ұжымы сахналық шеберлігімен, орындау техникасымен, көркемдік шешімімен және ұлттық нақышты жеткізу ерекшелігімен даралануға тырысты.
«Жетісудың би өрнектері» бишілер байқауы – ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін шыңдауға, би ұжымдарының кәсіби деңгейін арттыруға және өңірдегі мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды мәдени шара.
Байқау қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен би ұжымдары арнайы номинациялармен марапатталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
Ұлттық өнерді ұлықтап, би мәдениетінің дамуына үлес қосып жүрген барша қатысушыларға шығармашылық табыс, толағай жетістік тілейміз!
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









