Махаббаттың мың бояуы: Талдықорғанда жүрекке жол тапқан ерекше қойылымның премьерасы өтті

    1 / 3

    Театр – адам жанының айнасы. Кейде бір ғана ән, үнсіз қалған сәт немесе сахнадағы қарапайым көрініс тұтас бір ғұмырды көз алдыңа әкеледі. Ал махаббат туралы қойылым әр көрерменге өзінің оқиғасын еске салары сөзсіз. Б.Римова атындағы академиялық драма театрында көрерменге осындай әсер сыйлаған «Махаббат ол…» концерт-спектаклінің премьерасы өтті. Режиссер Бәзіл Сұлтанғазының сахналауымен ұсынылған туынды Талдықорған сахнасында алғаш рет қойылып, екі күн қатарынан аншлагпен өтті.

    «Махаббат ол…» – жай ғана концерт немесе дәстүрлі драмалық қойылым емес. Бұл – ән мен театр өнері тоғысқан, адам жанының тереңіне бойлайтын ерекше сахналық туынды. Оның басты кейіпкері де, негізгі тақырыбы да – махаббат. Алайда мұнда махаббат тек ғашықтардың арасындағы сезіммен шектелмейді. Ол – достыққа адалдық, отбасыға деген жауапкершілік, сағыныш пен қамқорлық,ата мен немеренің арасындағы мейірім, кейде айтылмай қалған сөз бен орындалмаған арман.

    Қойылымның ерекшелігі – көрерменге дайын жауап ұсынбай, керісінше, оны ойлануға жетелеуінде. Бір көріністе отбасы құндылықтары мен қыз тағдыры, соның ішінде алып қашу мәселесі көтерілсе, енді бірінде ер мен әйелдің қоғамдағы орны, адамдарды сырт келбетіне қарап бағалау секілді өзекті тақырыптар қозғалады. Достық пен адалдық, ұрпақтар сабақтастығы да сахналық оқиғалар арқылы көрініс табады.

    Әр көрініс – жеке бір тағдыр, әр ән – айтылмаған сезімнің үні іспетті. Музыка мен драматургиялық шешімдер өзара үйлесім тауып, сахнадағы оқиғалардың әсерін күшейте түседі. Көрермен бірде көңілді сәттерге еріксіз күлсе, енді бірде кейіпкерлердің тағдырына алаңдап, көзіне жас алды. Өйткені сахнада көрсетілген оқиғалардың әрқайсысы өмірде кездесетін, көпшілікке таныс сезімдер мен жағдайларға негізделген.

    Қойылымның тағы бір айрықша қыры – оның астарында дайын драмалық шығарма емес, актерлердің өз өмірінен алынған шынайы оқиғалар жатыр. Яғни сахнадағы кейіпкерлердің сезімі мен толғанысы ойдан құрастырылған көркем бейнелер ғана емес, өнер иелерінің бастан өткерген оқиғаларынан өрбіген.

    «Бұл спектакльдің ерекшелігі – мұнда ешқандай драматургтің қолтаңбасы жоқ. Әр актер өзінің басынан өткен шынайы оқиғасын баяндайды. Біз сол оқиғаларды сахналық тұрғыда көркемдеп, біртұтас қойылым етіп жасадық. Махаббат әр адамда әртүрлі ғой. Біз “Махаббат деген не?” деген сұраққа жауап іздеуге тырыстық. Сонымен қатар осы сауалды көрерменнің де алдына қойдық», – дейді режиссер Бәзіл Сұлтанғазы.

    Шынында да, қойылым аяқталған соң көрерменнің көкейінде қалатын басты сұрақ – «Махаббат деген не?». Біреу үшін ол – өмір бойы күткен жанын кездестіру, енді біреу үшін – жақындарының амандығы, ата-ананың ақ батасы немесе алыста жүрген жанға деген сағыныш. Ал кейде махаббат үлкен сөздерден емес, үнсіз жасалған қамқорлықтан, дер кезінде айтылған жылы сөзден көрінеді.

    Сахна төрінде бұл сезімдердің сан түрлі бейнесін «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жасұлан Көпберген бастаған театр әртістері сомдады. Қойылымға Шәміл Айтмұхан, Айзада Байғабыл, Аслан Бектенов, Наргиз Айшуақова, Мейіржан Нұров, Арнат Қазыкен, Салтанат Жақанша, Толғанай Ізтілеуова, Дарын Нұрсадық, Батыржан Медет, Мадина Сағымбай, Аслан Жапарқұлов және Алмас Мұратұлы қатысты.

    Туындының идея авторы – Ерлік Жуасбек. Қойылым режиссері – Бәзіл Сұлтанғазы, композиторы – Сұлтан Тұрсынбеков, хореографы – Айжан Құнанбаева, қоюшы-суретшісі – Сырым Орманбаев. Жарық қоюшы – Еламан Ахметов, редакторы – Айғаным Айтмұхан, арт-менеджері – Айдана Сембекова.

    Премьераның екі күнінде де театр залының лық толуы – көрерменнің мазмұнды, жүрекке жақын қойылымдарға деген ықыласын аңғартты. Көрермендер ерекше әсермен тарқап, сахнадағы оқиғалардан өз өміріне ұқсастық тапты.

    «Махаббат ол…» – махаббатты бір ғана анықтамаға сыйғызуға болмайтынын көрсеткен қойылым. Ол әр жүректе әртүрлі сезіліп, әр адамның өмірінде өзінше із қалдырады. Сондықтан бұл қойылымды тамашалау – сахналық өнерден әсер алып қана қоймай, өзіңе, жақындарыңа және өмірдегі ең қымбат жандарға жаңаша көзқараспен қарауға берілген мүмкіндік. Өйткені кейде жүрекке жету үшін көп сөздің қажеті жоқ. Бір ғана шынайы оқиға жеткілікті.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы" жаңалықтары