«Кітап оқу көшбасшысы – 2026» облыстық байқауы өтті

    1 / 4

    Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханада Республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» тарихи романын кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Кітап оқу көшбасшысы – 2026» облыстық байқауы ұйымдастырылды. Байқауға арнайы мектеп мұғалімдері, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының және кітапхана қызметкерлері қазылық етіп, қатысушылардың білімін, әдеби танымы мен шығармашылық қабілеттерін саралады.

    Зияткерлік сайыс екі кезең бойынша өткізілді.

    І кезең – «Мазмұнды жүйеленген ой».

    Бұл кезеңде қатысушылар экранда ұсынылған ұяшықтардың ішінен өз қалауы бойынша тезис таңдап, оның мазмұнын терең пайымдап, негізгі ойын көркем тілмен өрбітіп, жүйелі әрі мазмұнды түрде жеткізуі тиіс болды. Тапсырма оқушылардың шығарманы қаншалықты меңгергенін, ой қорыту және өз пікірін еркін жеткізу қабілетін анықтауға бағытталды.

    ІІ кезең – «Автор ізімен» (логикалық жалғастыру).

    Екінші кезең қатысушылардың терең философиялық ойлау қабілетін, шығармашылық ізденісі мен көркем жазу шеберлігін анықтауға арналды. Қатысушыларға «Егер тарихи жағдай сәл өзгеше болса, не болар еді?» тақырыбында Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романындағы өздері таңдаған негізгі кейіпкерлердің, соның ішінде Демежан мен ел ішіндегі өзге де тұлғалардың кейінгі өмірін логикалық тұрғыда жалғастырып, шығармашылық хат жазу тапсырылды. Тапсырманы орындауға 10 минут уақыт берілді.

    Облыстық байқауға барлығы аудан, қаладан 8 қатысушы қатысып, өз білімдері мен біліктіліктерін, әдеби танымдары мен шығармашылық қабілеттерін ортаға салды. Қатысушылар байқау барысында белсенділік танытып, қойылған сұрақтарға мазмұнды жауап берді. Сонымен қатар Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» тарихи романын терең меңгергендерін, шығармадағы тарихи оқиғалар мен кейіпкерлер тағдырын жан-жақты түсінетіндерін көрсетті.

    Байқау қорытындысы бойынша Ескелді ауданы, Шымыр ауылының қатысушысы Қанат Айша үздік деп танылып, «Кітап оқу көшбасшысы – 2026» облыстық байқауының жеңімпазы атанды.

    Кітап – ұлттың рухани жадын сақтайтын, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын асыл қазына. Ал әдеби шығарманы оқу, оның астарына үңіліп, кейіпкерлер тағдырынан тағылым алу – жас ұрпақтың рухани кемелденуіне бастайтын маңызды жол. Осындай тағылымы мол байқаулар оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, ұлттық әдебиетіміздің құндылықтарын тереңірек танып, рухани мұрамызға деген құрметін қалыптастыруға зор мүмкіндік береді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы" жаңалықтары