СҚО полицейлері алаяқтық құрбанына 1 миллион теңгеден астам ақшасын қайтарды

    1 / 2

    Солтүстік Қазақстан облысында полицейлердің жедел жұмысы мен «Антифрод-орталық» жүйесінің көмегімен интернет-алаяқтардың құрбаны болған әйелге келтірілген шығын толық өтелді.

    Қылмыскер Есіл ауданының 39 жастағы тұрғынына бейнеқоңырау шалып, өзін «қаржы полициясының» қызметкері ретінде таныстырған. Ол әйелдің атына біреулер ірі көлемде несие рәсімдеуге әрекет жасап жатқанын айтқан. Жалған қызметкердің сөзінше, мұндай әрекеттен «қорғану» үшін әйелдің өзі «айна несие» деп аталатын қарыз рәсімдеп, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуы қажет болған.

    Әйел бұған дейін алаяқтардың айла-тәсілдері туралы естігенімен, қылмыскердің киім үлгісі мен көрсеткен жалған қызметтік куәлігіне сеніп қалған. Ол алаяқтың барлық талабын орындап, 1 миллион 380 мың теңге несие рәсімдеп, ақшаны көрсетілген шотқа аударған.

    Ақша аударымы «Антифрод-орталық» жүйесінде алаяқтық белгілері бар операция ретінде анықталды. Бұл туралы хабарлама автоматты түрде Есіл ауданының полиция бөліміне жолданды. Полицейлер ақпаратты тексеріп, алаяқтарға сеніп қалған әйелді тапты. Құқық қорғау қызметкерлерімен әңгімелескеннен кейін ғана ол алдаудың құрбаны болғанын толық түсінді.

    Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Есіл ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері жәбірленуші ақша аударған шоттың иесін анықтады. Ол Астана қаласының жас тұрғыны болып шықты. Әйел келтірілген шығынды өз еркімен толық өтеді. Оны қылмыстық жауаптылыққа тарту мәселесі дропперлік белгілері анықталған жағдайда тергеу барысында шешіледі.

    Полицейлер мемлекеттік мекемелер мен банктердің шынайы қызметкерлері азаматтардан қандай да бір қаржылық операция жасауды талап етуге құқылы емес екенін еске салады. Егер сізді несие рәсімдеп, ақшаны басқа шотқа аударуға көндірсе, бұл – алаяқтар. Әңгімені дереу тоқтатып, айтылған ақпаратты ресми арналар арқылы тексеріңіз.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті" жаңалықтары