12 қараша күні Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері таңертең бір минут үнсіздік жариялап, гүл шоқтарын қойды. Бұл – Қазақстан полициясы үшін ерекше тарихи күн. Осыдан тура 15 жыл бұрын Тараз қаласында полиция капитаны Ғазиз Байтасов ерлікпен қаза тапты.
Ол өз өмірін құрбан ете отырып, қарулы террористі тоқтатып, жанындағы адамдарды құтқарды. Гранатаны денесімен жауып, айналасындағылардың өмірін сақтап қалды. Ғазиз Байтасовқа қаза тапқаннан кейін «Халық Қаһарманы» атағы берілді.
Петропавл қаласы полиция басқармасында оның құрметіне орнатылған мемориалдық тақта алдында полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы, ішкі істер органдарының ардагерлері жиналып, батырдың рухына тағзым етті. Осындай еске алу шаралары барлық аудандық полиция бөлімдерінде де өтті.
Полицейлер үшін Ғазиз Байтасовтың есімі – антқа адалдықтың, кәсіби ерліктің және қызметтік борышты соңына дейін орындауға дайын болудың символы. Оның ерлігі бүгінгі күні Заң мен тәртіпке қызмет етіп жүрген полицейлер үшін өнеге.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









