Петропавлда мас күйдегі мотоциклші полицейлерден қашуға тырысқан

    1 / 2

    Петропавл қаласының солтүстік бөлігіндегі Солнечный кентінде патрульдеу кезінде полицейлер «Enduro» маркалы мотоциклге назар аударған. Алайда жүргізуші тоқтау туралы талапқа бағынбай, жолдан бұрылып, қашып кеткен.

    Патрульдік экипаж болған жағдай туралы хабарлағаннан кейін, мотоциклшіні іздеуге дрон жұмылдырылды. Дронның көмегімен қашып кеткен жүргізушінің жүрген жері анықталды. Полицейлер квадроциклдермен оның соңынан түсті. Ақыры ер адам Звёздная көшесінде тоқтатылды.

    Ұсталған 40 жастағы қала тұрғынының бұған дейін көлік құралын басқару құқығынан 7 жылға айырылғаны белгілі болды. Соған қарамастан, ол қайтадан рөлге отырып, бұл жолы да алкогольдік мас күйде көлік басқарған.

    «Көлік құралын басқару құқығынан айырылған адамның мас күйде көлік басқарғаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Көлік құралын басқару фактісінің өзі қылмыстық жауапкершілікке негіз болады», – деп атап өтті Петропавл қаласы Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі, полиция капитаны Қуаныш Сүлейменов.

    Аталған бап бойынша 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салудан бастап, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

    Полицейлер көлік тізгініне мас күйде отырмауға және өзгелердің де мұндай әрекетіне жол бермеуге шақырады. Өйткені бұл жол қозғалысына қатысушылардың барлығына қауіп төндіреді. Егер мас күйде көлік жүргізген адамды байқасаңыз, дереу 102 нөміріне хабарлаңыз.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті" жаңалықтары