Рейдтер мен профилактикалық іс-шаралар құқық бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, оларды жоюға да ықпал етеді.
Мәселен, полицейлердің тексеру жұмыстарынан кейін Петропавл қаласындағы Набережная көшесінде пайда болған қоқыс орны жойылды. Қоқыс үйінділері жиналған жерде тұрған «Shacman» маркалы екі жүк көлігінің жүргізушілері жол жиегіндегі қалдықтарды тазалады. Ал 20-шағынауданда қоқысты уақытылы шығаруды қамтамасыз етпеген мердігер ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соның салдарынан қоқыс контейнерлері орналасқан алаңдардың айналасы қоқысқа толған.
Петропавл қаласының шетіндегі Есіл өзеніне жақын жыраны тұрғындар қоқыс орнына айналдырған . Полицейлердің көзінше кәмелетке толмаған жасөспірім қоқысты белгіленбеген жерге тастаған. Абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін оның анасына ескерту түрінде әкімшілік жаза қолданылды. Тәртіп сақшылары жергілікті тұрғындармен кездесу өткізуді жұмыс жоспарына енгізді. Кездесу барысында мердігер ұйыммен шарт жасасу және қоқыс контейнерлерін орнату қажеттілігі түсіндіріледі.
«Таза Қазақстан » жалпыұлттық экологиялық науқаны аясындағы полиция жұмысы тұрақты негізде жүргізілуде. Қаланың тазалығы тек коммуналдық қызметтерге ғана емес, әрбір тұрғынға байланысты. Жауапкершілікпен қарау – Заң мен тәртіптің маңызды құрамдас бөлігі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









