Әлеуметтік бейнеролик түсіруге көрсеткен көмегі үшін Николай Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының қызметкерлеріне Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы Руслан Назаровтың атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Бейнеролик зорлық-зомбылықтың өзекті мәселесіне арналған. Оны түсіру және монтаждау жұмыстарын облыстық полиция ведомствосының баспасөз қызметінің қызметкерлері атқарды. Кадрда тәртіп сақшылары өздерін сомдаса, қолайсыз отбасындағы адамдардың рөлдерін театр қызметкерлері орындады.
Роман Лахтин ішімдікке әуес болып, жақындарына қол көтеретін ер адамның бейнесін нанымды сомдады. Анастасия Лахтина ұзақ уақыт бойы қорлық көріп, ақырында телефоны арқылы «102» нөміріне қоңырау шалуға бел буған әйелдің рөлін орындады. Әсіресе жас актриса Валерия Ращупкинаның өнері ерекше әсер қалдырады. Ол ата-ананың жанжалы балаларға қандай ауыр зардап әкелетінін көрсетті.
Валерия Shpigotskiy Art Space шығармашылық дамыту студиясында айналысады. Оның актерлік шеберлік пәні бойынша ұстазы Марина Черняк түсірілім алаңында режиссерлік міндеттерді атқарды. Студия жетекшісі Антон Шпигоцкийдің айтуынша, түсірілімнің жас актриса үшін қосымша тәжірибе ғана емес, сонымен қатар зорлық-зомбылыққа қарсылық білдіріп, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын қолдайтын ұстанымын танытуға мүмкіндік берді.
Бейнероликтің соңында оқиға жақсы аяқталады: әйелі мен қызы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығын паналайды. Ал шынайы өмірде әйелдер кейде өз өмірін өзгертуге батылы бармай жатады.
Жыл басынан бері облыста тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 2 980 дерегі тіркелді. Отбасыларда 82 қылмыс жасалған, олардың басым бөлігі денсаулыққа зиян келтірумен байланысты. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 8 әйел дағдарыс орталығын паналады.
Полицейлер зардап шеккендерге психологиялық және заңгерлік көмек көрсетуге дайын. Ең бастысы — үнсіз қалмай, алғашқы қадам жасап, көмекке жүгіну. Өкінішке қарай, үйдегі озбырлықтың құрбаны болған әйелдердің барлығы бірдей мұндай қадамға бара бермейді. СҚО-дағы криминогендік ахуалды сауықтыру жөніндегі Жол картасын іске асыру аясында полицейлер түсірген әлеуметтік бейнероликтің айтар ойы қарапайым: көмек сұрау — әлсіздік емес, батылдық.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









