Түнгі рейд: Жамбылда жасөспірімдерге қатысты 180-нен астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді
🚔Жамбыл облысында түнгі уақытта жүргізілген рейд кезінде полицейлер 182 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Олардың басым бөлігі – түнде ата-анасының еріп жүруінсіз көшеде жүрген жасөспірімдер.
🚨9 және 10 қараша күндері өткен түнгі рейдте полиция қызметкерлері облыс аумағындағы ойын-сауық орындарын, көшелер мен қоғамдық орындарды тексерді. Негізгі мақсат – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
📊Рейд барысында 146 жасөспірімнің түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүргені белгілі болды. Бұдан бөлек, ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін орындамауының 25 дерегі, ойын-сауық орындарына кәмелетке толмағандарды кіргізудің 6 дерегі және жасөспірімдер жасаған ұсақ бұзақылықтың 5 дерегі тіркелді.
📌Тексеру кезінде Тараз қаласындағы ойын-сауық клубтарының бірінен түнгі сағат 04:30 шамасында кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Осыған байланысты мекеме иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
✅«Әрбір ата-ана баласының қайда жүргенін, кіммен араласатынын және бос уақытын қалай өткізетінін бақылауда ұстауы қажет. Кешкі сағат 22.00-ден үйде балаңыз болмаса, дабыл қағыңыз, іздеңіз, қадағалаңыз. Сіздің бақылауыңыз — балаңызды қауіптен сақтап қалуы мүмкін», – деп атап өтті Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасары Асет Оспанов.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









