Балалар не көреді, кіммен араласады?: Жамбыл облысының полициясы жасөспірімдердің қауіпсіздігіне бақылауды күшейтті

    Балалар не көреді, кіммен араласады?: Жамбыл облысының полициясы жасөспірімдердің қауіпсіздігіне бақылауды күшейтті

    Жамбыл облысында полиция қызметкерлері жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейтіп, олардың қызығушылықтарына, араласатын ортасы мен бос уақытын қалай өткізетініне ерекше назар аударуда.

    Осы бағытта тәртіп сақшылары сауда дүңгіршектері, дүкендер мен өзге де нысандарда зорлық-зомбылықты, қатыгездікті, агрессияны және қылмыстық субмәдениетті насихаттайтын өнімдердің сатылуына тексеру жүргізуде.

    Назарға аниме өнімдерінің жекелеген түрлері, комикстер, ойыншықтар, аксессуарлар мен баспа басылымдары алынған. Бұл ретте өнімнің жанры тұтастай бағаланбайды. Негізгі назар оның нақты мазмұны мен тыйым салынған элементтердің бар-жоғына аударылады.

    Дегенмен, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басты шарттардың бірі – ата-ананың күнделікті назары. Полиция қызметкерлері ата-аналарды балаларының қандай фильмдер көретініне, қандай ойындар ойнайтынына, интернет-ресурстарды пайдалануына, кіммен араласатынына және бос уақытын қалай өткізетініне бейжай қарамауға шақырады.

    Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде заңды өкілдерінің еріп-жүруінсіз болуына жол бермеу бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері түнгі уақытта үйінен тыс жерде заңды өкілдерінсіз жүрген 9 102 кәмелетке толмағанды анықтады. Олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

    Алдын алу жұмыстары құқық бұзушылықтарды анықтаумен ғана шектелмейді. Жасөспірімдердің бойындағы күш-жігері мен қызығушылығын спортқа, шығармашылыққа және қоғамдық пайдалы істерге бағыттау да маңызды. Осы мақсатта жыл басынан бері Жамбыл облысында ішкі істер органдарының есебінде тұрған 86 кәмелетке толмаған жасөспірім қызығушылықтары мен жеке бейімділіктеріне қарай түрлі үйірмелер мен спорт секцияларына тартылды.

    Баланың қауіпсіздігі тыйым мен жазадан емес, сенімнен, тәрбиеден және ата-ананың күнделікті назарынан басталады. Жақындарының қолдауы мен қамқорлығын сезінген бала түсіністік пен мойындауды қолайсыз ортадан іздеуге бейім болмайды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Жамбыл облысының Полиция департаменті" жаңалықтары