10 қарашада А. С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында түркі дүниесінің көрнекті ойшылы, сопылық поэзияның өкілі Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен шығармашылық мұрасын дәріптеуге арналған «Ясауи оқулары» атты танымдық іс-шара өтті.
Іс-шараға Өскемен қаласындағы Абай атындағы гуманитарлық колледж бен Қазақстан-Американдық еркін университетінің студенттері қатысты.
"Ясауи оқулары" үш бөлімнен тұрды.
Бірінші бөлім – «Ясауи мұрасы: таным мен тағылым» аясында қатысушылар Қожа Ахмет Ясауидің өмір жолы, өмір сүрген тарихи кезеңі, ұстаздары мен рухани ортасы, түркі дүниесіндегі орны туралы зерттеу жұмыстарын таныстырды. Сондай-ақ оның рухани мұрасының бүгінгі қоғам үшін маңызына тоқталды.
Екінші бөлім – «Хикмет кілті» барысында студенттер «Даналық сандығынан» таңдап алған «Диуани хикмет» шығармасынан үзінділерді талдап, олардың негізгі мағынасын ашты. Хикметтердегі имандылық, ізгілік, сабыр, қанағат, қайырымдылық пен адамгершілік құндылықтарын бүгінгі өмірмен байланыстырды.
Үшінші бөлім – «Ой таразысы» қатысушылардың сыни ойлау қабілетін дамытуға бағытталды. Студенттер академиялық адалдық, мансап пен адамгершілік, әлеуметтік желідегі жауапкершілік, қайырымдылық, әділдік және уақытты тиімді пайдалану тақырыптарындағы өмірлік жағдаяттарды талқылап, өз шешімдері мен пікірлерін ортаға салды.
«Ясауи оқулары» «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасының негізгі мақсаттарымен үндеседі. Өйткені кітап оқу – тек ақпарат жинау емес, адамның ой-өрісін кеңейтіп, дүниетанымын қалыптастыратын, рухани дамуына ықпал ететін маңызды үдеріс. Әсіресе, тарихи және әдеби мұраларды оқу арқылы жас ұрпақ ұлттық құндылықтарды тереңірек танып, өткеннің өнегесін бүгінгі өмірмен сабақтастыра алады. Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерін оқу, талдау және ондағы ойларды өмірлік ұстанымдармен байланыстыру жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, оқырмандық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Осындай танымдық кездесулердің мақсаты – жастарды тек оқуға ғана емес, оқығанын түсінуге, саралауға, ой елегінен өткізіп, өмірде қолдана білуге баулу. Себебі кітап оқитын ұлт қалыптастыру – білімді, саналы әрі рухани бай қоғам қалыптастырудың маңызды негізі.
Кездесу барысында қатысушылар ұлы ойшылдың мұрасы қай кезеңде де өзектілігін жоғалтпайтынын атап өтіп, рухани құндылықтардың адам өміріндегі маңызы туралы ой түйді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









