ШҚО өкілдері «Қазақ тілі» қоғамының X мерейтойлық құрылтайына қатысты

    1 / 4

    Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы қоғамдық бірлестігінің
    X мерейтойлық құрылтайы ұйымдастырылды. Ауқымды жиынға Шығыс Қазақстан облысынан облыс әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев, Шығыс Қазақстан облыстық «Қазақ тілі қоғамы» филиалының төрағасы Хуанбай Әскерхан және өңірдің бірқатар белсенді өкілдері қатысты.
    Өңірлік делегация құрамында Өскемен қаласындағы №36 мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Надежда Шушаникова, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Күршім аудандық филиалының директоры Надежда Потанина, «Марқакөл таңы» газетінің бас редакторы Валентина Свириденко және Өскемен қаласындағы М. Шаяхметов атындағы №23 орта мектептің мұғалімі Анжелика Шабданбекова болды.
    Құрылтай барысында Мемлекет басшысы қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне, оның ел өміріндегі орны мен қоғамдық маңызына ерекше назар аударды. Президент Қазақстан Республикасының Конституциясы мемлекеттік тілде жазылғанын атап өтіп, мұны қазақ тілінің әлеуеті мен даму деңгейінің маңызды көрсеткіші ретінде бағалады.
    Жиынның күн тәртібінде мемлекеттік тілдің қолданылу кеңістігін ұлғайту, қазақ тілін дамыту мен дәріптеу, сондай-ақ білім беру саласындағы рөлін күшейту бағытындағы өзекті мәселелер қарастырылды.
    Осындай маңызды басқосулар мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі беделін нығайтуға, оны кеңінен насихаттауға және тіл саясатын ілгерілетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тәжірибе алмасып, қазақ тілінің болашағы жолында ортақ бастамаларды жүзеге асыруға ынталы азаматтардың өзара байланысын арттыруға ықпал етеді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасы" жаңалықтары