5 қарашада кітапханада қазақтың көрнекті ақыны, айтыс өнерінің өкілі Ақтан Нұрбаевтың шығармашылық мұрасын дәріптеуге арналған «Ақтанымын Алтайдың» атты облыстық оқушылар оқулары өтті.
Байқауға Самар, Риддер, Катонқарағай, Глубокое, Ұлан аудандарынан және Өскемен қаласының мектептерінен жалпы саны 50 оқушы қатысты. Жас талапкерлер Ақтан Нұрбаевтың өлеңдерін жатқа оқып, ақын шығармашылығына деген құрметі мен өнерге деген қабілеттерін көрсетті.
Шараға ақын Ақтан Нұрбаевтың ұрпақтары да арнайы қатысып, жыр додасының куәсі болды. Олар ақын мұрасын ұлықтап, шығармашылығын жас буын арасында насихаттауға бағытталған игі бастамаға қолдау білдірді. Ақын ұрпақтарының қатысуы байқаудың мазмұнын байытып, шараға ерекше мән берді.
Бүгінде елімізде жүзеге асырылып жатқан «Оқитын ұлт» тұжырымдамасы аясында жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, ұлттық әдеби мұраны кеңінен таныту – маңызды міндеттердің бірі. Осындай тағылымды шаралар балалардың әдеби талғамын қалыптастырып қана қоймай, қазақ поэзиясына жақын болуына, сөз өнерін бағалауына жол ашады.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Бас жүлдені Самар ауданының Амангелді орта мектебінің оқушысы Өсерхан Інжу иеленді. І орын Глубокое ауданының «Верх-Березовка орта мектебінің» оқушысы Қасен Қуанышқа бұйырды. ІІ орынға Оралхан Бөкей атындағы № 44 лицейдің оқушысы Адамбек Айару мен Болатбек Мадина лайық деп танылды. ІІІ орынды Абай атындағы орта мектептің оқушысы Жақсылыққызы Іңкәр, Гагарино орта мектебінің оқушысы Төлеген Әлинұр және Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентінің орта мектебінің оқушысы Шаймұрат Айзат иеленді.
Көрермен көзайымы арнайы жүлдесімен: Есболқызы Раяна – Абай атындағы орта мектеп оқушысы марапатталды.
Жыр додасы жас буынның бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, туған әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған маңызды мәдени-әдеби алаңға айналды. Ақын мұрасын ұлықтау арқылы өскелең ұрпаққа сөз өнерінің қадір-қасиетін таныту – осындай жобалардың басты мақсаты.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









