«Экология өзімізден басталады»: Танир Яссамен кездесу

    21 қазанда А.С.Пушкин атындағы ШҚ облыстық кітапханада «Қоғамның экологиялық даму орталығы» ҚБ жетекшісі Ясса Танирмен жастар кездесуі өтті.

    Кездесу «Таза Қазақстан» қоғамдық экологиялық бастамасы аясында ұйымдастырылып, экологиялық мәдениетке, жеке жауапкершілікке және жастардың табиғатты қорғау бастамаларына қатысу мүмкіндіктеріне арналды.

    Қазақстан Республикасы күні қарсаңында қатысушылар қоршаған ортаны қорғау күнделікті қарапайым әрекеттерден басталатынын талқылады. Көшелер мен аулалардың тазалығын сақтау, табиғи ресурстарға ұқыпты қарау, тұтыну мәдениетін қалыптастыру және экологиялық акцияларға қатысу – осының барлығы өзіміз өмір сүріп жатқан ортаға деген жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.

    Кездесу барысында Шығыс Қазақстанның экологиялық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Ясса Танир қазіргі заманғы экологиялық бастамалар туралы айтып, осы бағыттағы жұмыс тәжірибесімен бөлісті және «Қоғамның экологиялық даму орталығы» ҚБ жобаларын таныстырды.

    Жастардың экологиялық мәселелерді шешуге қатысу мүмкіндіктері де жеке талқыланды. Қатысушылар шағын топтың күшімен, айтарлықтай қаржылық шығынсыз қандай бастамаларды жүзеге асыруға болатыны және пайдалы істі бастау үшін кейде идея мен әрекет етуге деген ниеттің өзі жеткілікті екені туралы ой бөлісті.

    Кездесу ашық диалог форматында өтті. Жастар сұрақтар қойып, өз ой-пікірлерімен бөлісті және жеке экологиялық жобаларын жүзеге асыруды неден бастау керектігіне қызығушылық танытты.

    Кездесу соңында қатысушыларға қарапайым болғанымен, маңызды «Мен алдағы бір аптаның ішінде қандай өзгеріс жасай аламын?» деген сұрақ төңірегінде ойлану ұсынылды. Өйткені әрбір шағын қадам жаңа экологиялық әдеттің қалыптасуына бастау болып, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға ықпал етуі мүмкін.

    Кездесудің ерекше сәттерінің бірі – Ясса Танирге Қазақстан Журналистер одағының Алтын медалінің табысталуы болды. Бұл – бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға және сөз бостандығын нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін берілетін қоғамдық марапат. Марапатты Қазақстан Республикасы Журналистер одағының ШҚО филиалының төрағасы, «Егемен Қазақстан» газетінің ШҚО бойынша меншікті тілшісі, облыстық және республикалық байқаулардың лауреаты Мерей Қайнарұлы табыс етті.

    Қазақстан Республикасы күні қарсаңында өткен кездесу Отанға деген қамқорлықтың ауқымды жобалармен ғана емес, әр адамның күнделікті іс-әрекетімен де көрініс табатынын тағы бір мәрте еске салды. Өз қаласына, табиғатқа және қоршаған ортаға ұқыпты қарау – елге деген жанашырлықтың айқын көрінісі.

    Экология өзімізден басталады. Сондықтан, әрқайсымыз өз үлесімізді қосайық!

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасы" жаңалықтары