22 қазанда А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында Республика күніне орай «Жырың болып төгілемін» атты облыстық оқушылар айтысы өтті. Ұлттық сөз өнерін ұлықтаған шығармашылық додаға Шығыс Қазақстан облысының аудандары мен Өскемен қаласындағы мектептерден 13 жас ақын қатысты.
Байқаудың мақсаты – дәстүрлі айтыс өнерін жас ұрпақ арасында насихаттау, жас ақындардың суырыпсалмалық қабілетін шыңдау және шығармашылық әлеуетін дамыту.
Сахна төріне домбырасын серік еткен жас ақындар шығып, өзара сөз қағыстырып, тапқырлығы мен шешендігін, ой ұшқырлығы мен суырыпсалмалық шеберлігін танытты. Қатысушылардың жырларына Отан, ел бірлігі, тәуелсіздік, ұлттық құндылықтар, туған жер мен Шығыс Қазақстаннан шыққан тарихи тұлғалар тақырыптары арқау болды.
Жас айтыскерлердің өнерін облыс және республика көлеміне танымал үш ақыннан құралған қазылар алқасы бағалады. Қазылар қатысушылардың тіл шеберлігіне, тақырыпты ашуына, тапқырлығына, қарсыласына ұтымды жауап беруіне және сахна мәдениетіне назар аударды.
Айтыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
І орын: Мұратханұлы Мұхтар
ІІ орын: Мамырхан Інжу, Нұрәли Азатұлы;
ІІІ орын: Бауыржан Раушанұлы, Айгүл Дашынқызы;
Бас жүлде: Мағжан Ержанұлы.
Жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бас жүлде алған жас ақын республикалық “Қола домбыра” оқушылар айтысына жолдама алды.
«Жырың болып төгілемін» облыстық оқушылар айтысы – жас ұрпақтың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттырып, сөз қадірін түсінуге, ана тілінің байлығын бағалауға және айтыс дәстүрін жалғастыруға жол ашатын маңызды шығармашылық алаң. Осындай өнер додалары жас таланттардың танылуына мүмкіндік беріп, ұлттық рухани мұраны дәріптеуге үлес қосады.








