Тергеушінің бір күні: Заң мен тәртіп жолындағы қызмет

    Қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу және заңдылықты қамтамасыз ету — полиция қызметкерлеріне жүктелген маңызды міндеттердің бірі. Бұл салада қызмет ету кәсіби білімді, жауапкершілікті, сабырлылықты және табандылықты талап етеді. Осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген азаматтардың бірі — Қызылорда қаласы Полиция басқармасының Тергеу бөлімінің тергеушісі полиция лейтенанты Жолдасов Дамир Дәулетбекұлы.

    Болашақ мамандығына қажетті білім мен тәжірибенің негізін ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында меңгерген. Ол бүгінде алған білімін тәжірибемен ұштастырып, тергеу бөлімінде есірткі қылмыстары мен бұзақылыққа байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеу бағытында қызмет атқарып келеді.

    Тергеушінің күнделікті жұмысы — үлкен жауапкершілік пен мұқияттылықты қажет етеді. Оның жұмыс күні қылмыстық істердің материалдарын зерделеуден, оқиғаның мән-жайларын талдаудан және алдағы тергеу әрекеттерін жоспарлаудан басталады. Әрбір материал мұқият қарауды, дәлелдемелерді объективті бағалауды және процестік нормалардың сақталуын талап етеді.

    Тергеу барысында тергеуші жауап алу, қарап-тексеру, беттестіру әрекеттерін жүргізеді, сараптамалар тағайындайды және заңда көзделген өзге де процестік әрекеттерді орындайды. Бұл ретте бірде-бір маңызды жайтты назардан тыс қалдырмау, барлық нұсқаларды тексеру және болған оқиғаның нақты мән-жайларын анықтау маңызды.

    «Тергеушінің жұмысында объективтілікті, мұқияттылықты және сабырлылықты сақтау маңызды. Әрбір қылмыстық істің артында адам тағдыры тұр. Сондықтан барлық мән-жайды жан-жақты зерттеп, шешімдерді тек заң аясында қабылдау қажет» дейді полиция лейтенанты.

    Дамир Дәулетбекұлы қызметтік міндеттерін орындаумен қатар жеке дайындығына да айрықша мән береді. Ол бос уақытында қоян-қолтық ұрыс спортымен айналысып, физикалық мүмкіндіктерін жетілдіреді. Спорт оның бойындағы төзімділік пен тәртіпті нығайтып, алға қойған мақсатқа табандылықпен ұмтылуға үйретеді.

    Заң мен тәртіпті сақтау жолында еңбек ету — үлкен жауапкершілік. Ал сол сенімді ақтау үшін білімді, білікті әрі рухы мықты болу қажет. Дамир Жолдасовтың қызметі мен спортқа деген қызығушылығы осы қасиеттерді қатар ұштастырудың көрінісі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қызылорда облысының Полиция департаменті" жаңалықтары