Жезқазғанда ірі буындарды эндопротездеу бойынша күрделі оталар жасалды

    Жезқазған қаласының көпбейінді ауруханасында жамбас және тізе буындарын эндопротездеу бойынша күрделі оталар сәтті жасалды. Операцияларға Астана қаласынан арнайы шақырылған ортопед дәрігер қатысты, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.

    Эндопротездеу – зақымданған немесе қызметі бұзылған буынды жасанды буынмен алмастыруға бағытталған хирургиялық емдеу әдісі. Мұндай операциялар науқастардың қозғалыс мүмкіндігін қалпына келтіруге және өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

    Ұлытау облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аталған оталардың өңірде жасалуы тұрғындар үшін жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Бұл жамбас және тізе буындарын эндопротездеуге мұқтаж науқастардың басқа өңірлерге бару қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді.

    Сонымен қатар облыста заманауи емдеу әдістерін енгізуге және жергілікті медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға көңіл бөлінуде. Осы бағытта өзге өңірлерден шақырылған тәжірибелі мамандармен бірлескен жұмыс пен тәжірибе алмасуға мән беріліп отыр.

    Өңірдің денсаулық сақтау саласындағы негізгі міндеттердің бірі – тұрғындарды сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету, заманауи емдеу тәсілдерінің қолжетімділігін арттыру және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ұлытау облысының әкімдігі" жаңалықтары