«Кітаптан экранға»: Ұлытауда мемлекеттік қызметшілерге арналған киноталқылау өтті

    1 / 4

    Ұлытау облысында «Кітап оқитын ұлт» жалпыұлттық жобасы аясында мемлекеттік қызметшілерге арналған «Кітаптан экранға: шығарма мен фильм» атты киноталқылау өтті. Іс-шараға өңірдің 200-ге жуық мемлекеттік қызметшісі мен марафонның өңірлік штабының мүшелері қатысты, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.

    Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жобасы қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, оқырмандық белсенділікті арттыруға және көркем әдебиетті кеңінен насихаттауға бағытталған.

    Киноталқылау барысында қатысушылар қазақ әдебиетінің көрнекті туындыларының бірі – Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романын оның экрандық нұсқасымен салыстырып, өзара пікір алмасты.

    Алдымен шығарма желісі бойынша түсірілген сериалдың алғашқы бөлімі көрсетілді. Одан кейін қатысушылар кітап пен экрандық туындының мазмұндық ерекшеліктерін, кейіпкерлер бейнесінің ашылуын және авторлық идеяның берілуін талқылады.

    Іс-шарада Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Жұмажан Өтегенов пен «Кітап оқитын ұлт» марафонының өңірлік жобалық кеңсесінің төрағасы Серік Абжанов сөз сөйледі. Олар кітап оқудың қоғамдағы маңызына, сондай-ақ көркем әдебиеттің мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және тұлғалық дамуына ықпалына тоқталды.

    Сонымен қатар қатысушыларға марафон аясындағы «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» бағытының негізгі міндеттері мен алдағы жоспарлары таныстырылды.

    Аталған бағытқа жауапты, «Кітап оқитын ұлт» марафонының Ұлытау облыстық кеңсесінің мүшесі Рахат Нұрмағамбетов іс-шараны ұйымдастыру және өткізу жұмыстарын үйлестірді.

    Кездесу барысында қатысушылар әдеби шығарма мен оның экрандық нұсқасын салыстыра талдау туындының мазмұнын тереңірек түсінуге, оқырман көзқарасын қалыптастыруға және рухани құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

    Іс-шараны өткізуге Жезқазған қаласындағы Kinoplexx кинотеатры қолдау көрсетіп, қатысушылардың фильмді тамашалауына жағдай жасады.

    Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер мемлекеттік қызметшілердің кітап оқуға қызығушылығын арттыруға, зияткерлік әлеуетін дамытуға және көркем әдебиетті күнделікті өмірде кеңінен насихаттауға бағытталған.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ұлытау облысының әкімдігі" жаңалықтары