Будапештте ТМҰ аясындағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды

    1 / 5

    Будапешт, 2026 жылғы 9 қараша –Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) Будапешттегі өкілдігінің басшысы Балаж Хендриктің бастамасымен Ұйымға мүше мемлекеттер елшілерінің бейресми кездесуі өтті. Кездесуге Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Анель Бақытбекқызы қатысты.

    Кездесу барысында қатысушылар Анкарада өткен ТМҰ саммитінің қорытындыларын, қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуын және Ұйым қызметінің 2027 жылға арналған басым бағыттарын талқылады.

    Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға, көлік-логистикалық байланыстарды кеңейтуге, энергетика мен туризм салаларындағы өзара іс-қимылға, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыруға баса назар аударылды.

    Қатысушылар Мажарстанның ТМҰ-дағы байқаушы мемлекет ретіндегі рөлін және түркі мемлекеттері мен еуропалық серіктестер арасындағы байланыстарды нығайту үшін Ұйымның Будапешттегі өкілдігінің әлеуетін пайдалану мүмкіндіктерін қарастырды.

    Түркі инвестициялық қорының алдағы қызметіне, соның ішінде бірлескен инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік және инвестициялық жобаларды қолдау үшін оның қаржы құралдарын пайдалануға ерекше назар аударылды.

    Қазақстан Республикасының Елшісі Әнел Бақытбекқызы Қазақстанның ТМҰ аясындағы практикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, Қазақстан мен Мажарстанның бірлескен бастамаларын ілгерілетуге және перспективалы жобаларды іске асыруға іскер топтардың қатысуын кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті.

    Сонымен қатар қатысушылар ТМҰ құрылымдарының қызметін үйлестіру, алдағы халықаралық іс-шараларға дайындық және Ұйымға мүше мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін талқылады.

    Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты диалогті жалғастыруға және көпжақты ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған бастамаларды іске асыруға дайын екенін растады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігі" жаңалықтары