ТҮРКІСТАН АГРАРЛЫҚ САЛАДА КӨШ БАСТАДЫ

    1 / 17
    Түркістан облысында ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған «AGROFEST TURKISTAN – 2026» фестивалі өтті. Ауқымды іс-шарада өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуеті таныстырылып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі мен жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ саланың үздік еңбеккерлері мен озат аудандар марапатталды.
    Фестиваль алаңында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен кәсіпкерлер өз тауарларын көпшілік назарына ұсынды. Көрмеге келушілер жергілікті өнімдердің түр-түрімен танысып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жетістіктерін көрді. Асыл тұқымды мал және «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жобалардың көрмесі ұйымдастырылды. Жәрмеңке мен көрмені тамашалаған қонақтар Түркістан облысының ауыл шаруашылығындағы жетістіктеріне жоғары бағасын берді.
    Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, сала еңбеккерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Бүгінде облыста 90 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істейді.
    Мерекелік іс-шарада ауыл шаруашылығы саласының үздік қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар мен облыс әкімінің марапаттары табысталды. Еңбегімен ерекшеленген азаматтар «Еңбек ардагері» медалімен және «Ауыл шаруашылығы үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығында үздік деп танылған Отырар ауданы бірінші орынмен марапаталса, Арыс қаласы мен Сарыағаш ауданы әкімдіктері екінші және үшінші орынды бөлісті. Фестиваль аясында «Growmart AI» цифрлық агрохабын құру жөніндегі стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан қаласы әкімінің аппараты" жаңалықтары