1 / 3
Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов Сабыр Рақымов ауылы округінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, аудан мен ауыл округінде осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Кездесудің негізгі мақсаты – тұрғындармен ашық диалог орнатып, елді мекендегі өзекті мәселелерді талқылау, алдағы міндеттер мен жоспарларды ортаға салу.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары бірқатар ұсыныс-пікірлерін білдіріп, өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, ауылда спорт кешенін салу, ауыз су мәселесін шешу, көшелерді жарықтандыру, электр бағаналарын жаңарту және жөндеу жұмыстарын жүргізу жөнінде өтініштер айтылды.
Сонымен қатар, ауыл жастарының спортпен шұғылдануына жағдай жасау мақсатында мектеп жанынан бокс үйірмесін ашу және осы бағыт бойынша жаттықтырушы штатын бөлу мәселесі де назарға ұсынылды.
Кездесу соңында аудан әкімі Азизхан Исмаилов тұрғындармен жүздесудің маңыздылығына тоқталып: «Билік пен халық арасындағы ашықтықты қамтамасыз ету, әрбір азаматтың ұсыныс-пікірін тыңдап, заң аясында шешім қабылдау, сондай-ақ елді мекендердегі өзекті мәселелерді өз көзіммен көріп, нақты шешу жолдарын қарастыру – менің басты ұстанымым», – деді.
Аудан басшысы тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын атап өтіп, оларды шешу бағытындағы жұмыстар тиісті сала басшыларымен бірлесе қарастырылатынын жеткізді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









