1 / 3
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы және әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы Жарлығы аясында Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов Қарабау ауылы округінің тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында аудан әкімі Азизхан Әзімханұлы ауылдық округте осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы кезеңге арналған жоспарлар мен міндеттерді баяндады.
Жиын барысында тұрғындар бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, Бәйдібек би көшесіне шағал төсеу, су өткелдеріне құбыр орнату, Сынтас елді мекенінде балалар ойын алаңшасын салу, Сауытов және Рысбай Жоланов көшелеріне асфальт төсеу, канал бойына көпір орнату, көшелерді жарықтандыру мәселелері айтылды.
Сонымен қатар Жұмысшы елді мекеніндегі Ержанов көшесінде электр қуатының төмендігі, елді мекенге жабық спорт кешенін салу, ауыз су мәселесін шешу және су ұңғымасын қазу жөнінде ұсыныстар білдірілді.
Аудан басшысы тұрғындардың талап-тілектерін мұқият тыңдап, көтерілген мәселелерді шешу жолдарын қарастырды. Осы бағытта Қарабау ауылы округінің әкімі Жорахан Әлімқұловқа және тиісті сала басшыларына әрбір мәселені заң талаптарына сәйкес зерделеп, нақты шешу жолдарын қарастыру жөнінде тапсырмалар берді.
Кездесу қорытындысында аудан әкімі билік пен халық арасындағы ашықтықты қамтамасыз ету, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау және ауылдардағы қордаланған мәселелердің оң шешімін табу басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.
«Билік пен халық арасында ашықтықты қалыптастыру, әрбір азаматтың ұсыныс-пікірін тыңдап, заң аясында шешілуіне мүмкіндік жасау – басты ұстанымымыз. Сонымен қатар ауылдардағы шешімін таппай келе жатқан мәселелерді өз көзіммен көріп, олардың оңтайлы шешілу жолдарын қарастыруды маңызды санаймын», – деді аудан әкімі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









