Холестерин: нені білу маңызды?

    Холестерин - ағзаға қажетті май тектес зат. Ол жасуша мембраналарының құрамына кіреді, гормондардың және майларды қорытуға қажетті заттардың түзілуіне қатысады.

    Бауыр ағзаға қажетті холестеринді өзі өндіреді. Сондықтан оның қандағы деңгейі тек тамақтануға ғана емес, тұқымқуалаушылыққа, өмір салтына және денсаулық жағдайына да байланысты.

    Холестерин қан арқылы липопротеиндер деп аталатын арнайы бөлшектердің көмегімен тасымалданады. Оларды шартты түрде «жақсы» және «жаман» деп бөледі.

    • ТТЛП (тығыздығы төмен липопротеиндер немесе «жаман» холестерин) - холестеринді жасушаларға тасымалдайды. ТТЛП деңгейі жоғарылағанда холестерин қан тамырларының қабырғаларында жиналып, атеросклероздық түйіндақтардың пайда болуына ықпал етуі мүмкін.
    • ТЖЛП (тығыздығы жоғары липопротеиндер немесе «жақсы» холестерин) - артық холестеринді қайтадан бауырға тасымалдауға көмектеседі. Алайда ТЖЛП деңгейінің жоғары болуы жүрек-қан тамырлары ауруларынан толық қорғайтынын білдірмейді.

    Неліктен холестерин деңгейін тексеру маңызды?
    Уақыт өте келе холестеринді түйіндақтар қан тамырларын тарылтып, қан айналымын қиындатуы мүмкін. Бұл инфаркт пен инсульт қаупін арттырады.
    Ең басты қауіп - холестерин деңгейінің жоғарылауы әдетте ешқандай белгі бермейді. Қан тамырларында өзгерістер жүріп жатса да, адам өзін сау сезінуі мүмкін.

    Уақтылы тексерілу асқынулар пайда болғанға дейін өзгерістерді анықтауға және қауіп-қатерді төмендету шараларын қабылдауға мүмкіндік береді. Ол үшін қандағы жалпы холестерин, ТТЛП, ТЖЛП және триглицеридтер деңгейін анықтайтын липидограмма талдауы жүргізіледі.

    Холестерин деңгейін қалыпты ұстауға не көмектеседі?
    — Қаныққан майларды шектеу және өнеркәсіптік трансмайларды тұтынбау.
    — Көкөністерді, жемістерді, тұтас дәнді өнімдерді, бұршақ дақылдарын және тағамдық талшықтарға бай басқа да өнімдерді тұтыну.
    — Тұрақты дене белсенділігі.
    — Темекі шегуден бас тарту және дене салмағын қалыпты деңгейде ұстау.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті" жаңалықтары