Құтыру – адам мен жануарлардың орталық жүйке жүйесін зақымдайтын аса қауіпті вирустық инфекциялық ауру. Ол ауру жануардың сілекейі арқылы, көбіне тістеу немесе тырнау кезінде, сондай-ақ сілекейдің зақымдалған теріге түсуі салдарынан жұғады. Аурудың клиникалық белгілері пайда болғаннан кейін оның соңы, әдетте, өліммен аяқталады.
Инфекцияның негізгі көздері – қасқыр, түлкі, шибөрі, борсық және жарқанат сияқты жабайы жануарлар, сондай-ақ үй және қараусыз жүрген иттер мен мысықтар.
Құтырудың алдын алу шаралары
Аурудың алдын алудың ең тиімді жолы – үй жануарларына уақтылы вакцина салдыру. Сондай-ақ олардың қараусыз жүрген және жабайы жануарлармен байланысына жол бермеу қажет.
Құтыруға қарсы профилактикалық екпе кәсіби қызметі жұқтыру қаупімен байланысты адамдарға да ұсынылады. Олардың қатарында ветеринария мамандары, зертхана қызметкерлері, қараусыз жануарларды аулау және ұстау қызметінің мамандары, аңшылық және орман шаруашылығының қызметкерлері, қорықшылар, кинологтар және жануарлармен тікелей байланыста болатын өзге де мамандар бар.
Жануар тістеп немесе тырнап алған жағдайда не істеу керек?
* Зақымдалған жерді дереу ағынды сумен және сабынмен 15 минут бойы мұқият жуу;
* Жараның айналасын антисептикалық құралмен өңдеу;
* Жарақат елеусіз көрінсе де, мүмкіндігінше тез арада медициналық ұйымға жүгіну қажет.
Дәрігердің шешімі бойынша құтыруға қарсы вакцина егіледі, ал қажет болған жағдайда антирабиялық иммуноглобулин енгізіледі. Медициналық көмекке жүгінуді кейінге қалдырмай, тағайындалған екпе курсын толық алу маңызды.
Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ескертеді: құтырудың алдын алуға болады. Ол үшін үй жануарларына уақтылы екпе салдыру, сақтық шараларын сақтау және жануар тістеген немесе тырнап алған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Бұл – адам өмірі мен денсаулығын сақтаудың маңызды шарттары.
Жыл сайын 28 қыркүйекте Дүниежүзілік құтырумен күрес күні атап өтіледі. Оның мақсаты – қоғам назарын осы қауіпті инфекцияның алдын алу және одан қорғану шараларына аудару.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







