Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова Халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференциясының (HCCH) Бас хатшысы, доктор Кристоф Бернасконимен кездесті. Кездесуге Конституциялық Соттың судьялары Айжан Жатқанбаева мен Сергей Скрябин де қатысты.
Эльвира Азимова халықаралық әріптесін Қазақстандағы конституциялық өзгерістермен, 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияның негізгі ережелерімен, сондай-ақ Конституциялық Соттың қызметімен және конституциялық бақылау нәтижелерімен таныстырды.
Халықаралық құқықтық ынтымақтастықтың конституциялық негіздеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Конституцияның 5-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттық міндеттемелері қолданыстағы құқықтың құрамына кіреді. Конституцияның 10-бабында халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларын құрметтеу бекітілген, ал 77-бабының 1-тармағында сот төрелігін жүзеге асырудың конституциялық негіздері, оның ішінде халықаралық шарттарды орындау көзделген.
Конституциялық Соттың Төрағасы өтініштерді қарау барысында Сот ұлттық заңнама нормаларымен қатар тиісті халықаралық шарттардың ережелерін зерделейтінін және өзінің құқықтық ұстанымдарын қалыптастыру кезінде халықаралық құқықтық стандарттарды ескеретінін атап өтті.
Халықаралық шарттарды іс жүзінде қолдану мәселелерін талқылау барысында кездесуге қатысушылар Қазақстанның шетелдік ресми құжаттарды заңдастыру талабын жоятын 1961 жылғы Гаага конвенциясын іске асырудағы оң тәжірибесін атап өтті. Апостиль қою тетігі консулдық заңдастыру рәсімін ресми құжаттардың түпнұсқалығын бірыңғай тәртіппен куәландыруға алмастырып, трансшекаралық құжат айналымын едәуір жеңілдетеді. Ынтымақтастықтың маңызды кезеңдерінің бірі – 2024 жылы Астанада 70-тен астам мемлекеттің өкілдерін біріктірген электрондық апостиль бағдарламасы (e-APP) бойынша XIII халықаралық форумның өткізілуі болды.
Қазақстан халықаралық азаматтық және отбасылық-құқықтық ынтымақтастықтың түрлі аспектілерін реттейтін HCCH-ның бірқатар шарттарына қатысушы болып табылады. Кездесуде алдағы өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттарының бірі ретінде Гаага конференциясының Қазақстанды Сотты таңдау туралы келісімдер жөніндегі 2005 жылғы конвенцияға және Азаматтық немесе коммерциялық істер бойынша шетелдік сот шешімдерін тану және орындау туралы 2019 жылғы конвенцияға қосу жөніндегі ұсынысы таныстырылды. Бас хатшының атап өтуінше, аталған конвенцияларды қолдану құқықтық айқындықты нығайтуға және трансшекаралық кәсіпкерлік қызметке қатысты сот төрелігінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Тараптар балалардың құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастыққа да жеке назар аударды. Атап айтқанда, Қазақстанның балаларды халықаралық ұрлаудың азаматтық-құқықтық аспектілері, халықаралық бала асырап алу және алименттерді халықаралық деңгейде өндіріп алу мәселелері жөніндегі конвенцияларды қолдануы талқыланды. Осы халықаралық тетіктерді қолдану мәселелері бойынша мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында практикалық тәжірибе, талдамалық және шолу материалдарымен алмасудың орындылығы қарастырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделі екенін растады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









