Конституциялық Сот: күзетпен ұстау мен жазаны өтеу – құқықтық тұрғыдан екі түрлі ұғым

    Конституциялық Сотқа күзетпен ұстау уақытын жаза мерзіміне есепке жатқызуды, шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарттарын және сотталған адамның мінез-құлқын бағалауды реттейтін Қылмыстық кодекстің (ҚК), Қылмыстық-процестік кодекстің және Қылмыстық-атқару кодексінің жекелеген нормаларының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініш келіп түсті.

    Өтініш беруге бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатқан азаматты шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан соттың бас тартуы негіз болған. Өтініш берушінің пікірінше, бұл мәселені шешу кезінде үкім заңды күшіне енгенге дейін күзетпен ұсталған кезеңдегі оның мінез-құлқы тиісті деңгейде ескерілмеген. Алайда аталған уақыт жаза мерзіміне есептеледі. Осыған байланысты өтініш беруші мұндай тәсіл заң мен сот алдындағы теңдік қағидатын бұзады деп есептеген.

    Конституциялық Сот шартты түрде мерзімінен бұрын босату қылмыстық заңнамада көзделген, оны қолдану шарттары мен тәртібі заңмен белгіленетін құқықтық институт екенін атап өтті. Заңда белгіленген жаза мерзімінің бір бөлігін өтеу – босатудың қажетті, бірақ жалғыз шарты емес. Бұл мәселені шешу кезінде сот сотталған адамның жазасын өтеу кезеңіндегі мінез-құлқын және оның түзелу дәрежесін бағалайды.

    Сот үкім заңды күшіне енгенге дейін күзетпен ұстау мен жазаны өтеудің құқықтық мазмұны әртүрлі екенін атап көрсетті. Бірінші жағдайда кінәсіздік презумпциясы қолданылады, ал ұстау жағдайлары қылмыстық жазаны орындау кезінде көзделген көлемде түзету ықпалын білдірмейді. Сондықтан күзетпен ұстау уақытын жаза мерзіміне есепке жатқызу бұл кезеңдердің құқықтық режимі бірдей дегенді білдірмейді.

    Сонымен қатар қылмыстық-атқару заңнамасы шартты түрде мерзімінен бұрын босату мәселесін қарау кезінде адамның күзетпен ұсталған кезеңдегі мінез-құлқы туралы мәліметтерді ескеруге мүмкіндік береді.

    Конституциялық Сот дауланып отырған бірқатар норманың өтініш берушінің өтінішхатын қарау кезінде соттар тарапынан қолданылмағанын да анықтады. Ал нақты іс бойынша дауланып отырған норманың қолданылуы – азаматтың Конституциялық Сотқа жүгінуінің жол берілетіндігіне қойылатын міндетті талаптардың бірі.

    Сот өз шешімінде өтініш берушінің мінез-құлқын бағалауға және жалпы юрисдикциядағы соттардың заңнаманы дұрыс қолдануына қатысты уәждері нақты істі қарау аясында қаралуға тиіс екенін және Конституциялық Соттың құзыретіне кірмейтінін түсіндірді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты" жаңалықтары