Конституциялық Сот: іс-әрекетті Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша саралау әрбір қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің болуын талап етеді

    Конституциялық Сот Қылмыстық кодекстің (ҚК) 217-бабының бірінші бөлігін және 217-1-бабының бірінші бөлігін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2020 жылғы 24 қаңтардағы № 3 нормативтік қаулысының 18-1-тармағымен өзара байланыста Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішті қарады.

    Аталған нормалар қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық ету, сондай-ақ оны жарнамалау және адамдарды тиісті қызметке тарту үшін жауаптылықты көздейді.

    Өтініш берушінің қаржылық пирамидаға басшылық еткені және оны жарнамалағаны үшін сотталуы Конституциялық Сотқа жүгінуге негіз болды. Апелляциялық саты үкімді өзгеріссіз қалдырды.

    Өтініш берушінің пікірінше, заңнамада қаржылық пирамидаға және оның құрылымдық бөлімшесіне басшылық еткені үшін жауаптылықтың аражігі ажыратылмаған. Сондай-ақ қаржылық пирамидаға басшылық ету мен адамдарды оның қызметіне тартуды ажыратудың жеткілікті дәрежеде нақты өлшемшарттары белгіленбеген.

    Конституциялық Сот қылмыстық жауаптылықты белгілеу және санкцияларды айқындау заң шығарушының құзыретіне жататынын атап өтті. Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысында қаржылық пирамидаға басшылық ету ұғымының мазмұны ашылған. Ол басқарушылық шешімдер қабылдауды, қызметті үйлестіруді, міндеттерді бөлуді және салымшыларды тартуды қамтиды.

    Сонымен қатар ҚК-нің 217-1-бабында қаржылық пирамиданы жарнамалауға, оның ішінде тиісті ақпаратты таратуға және адамдарды оның қызметіне тартуға байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтың дербес құрамы көзделген.

    Конституциялық Сот іс-әрекетті ҚК-нің бірнеше бабы бойынша саралауға тағылған әрбір қылмыстық құқық бұзушылықтың барлық белгілері анықталған жағдайда ғана жол берілетінін атап көрсетті. Қылмыстық-құқықтық нормалар еркін немесе кеңейтілген түсіндіруге жол бермейтіндей анық әрі бірмәнді тұжырымдалуға тиіс.

    Сонымен бірге өтініште келтірілген негіздемелер іс жүзінде өтініш берушінің әрекеттерін соттардың саралауымен және оның ісі бойынша қабылданған сот актілерімен келіспейтінін білдіретіндіктен, Конституциялық Сот азамат дау айтып отырған нормаларды тексеруден бас тартты.

    Конституциялық Сот нақты іс-әрекеттің дұрыс сараланғанын тексеру және сот шешімдерін қайта қарау оның құзыретіне кірмейтінін еске салды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты" жаңалықтары