Конституциялық Сот жәрдемақы тағайындау кезінде ескерілетін наградалар мәселесін қарастырады

    1 / 9

    Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты ана болуға байланысты берілген тиісті атақтар мен наградаларды ескере отырып, жәрдемақы тағайындауды реттейтін Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 93-бабы 1-тармағының бірінші бөлігі мен 94-бабының 1-тармағын Конституцияға сәйкестігі тұрғысынан тексеру туралы азаматшаның өтініші бойынша отырыс өткізді.

    Өтініш берушінің ұстанымы

    Өтініш беруші кеңестік кезеңде бала туып, тәрбиелегені үшін берілген наградалар жәрдемақы тағайындау кезінде Қазақстан Республикасының тиісті наградаларымен тең дәрежеде ескерілуі тиіс деп есептейді.

    Оның пікірінше, марапаттау өлшемшарттары «Күміс алқа» алқасымен ұқсас болғанына қарамастан, басқа танылған наградалардан айырмашылығы – III дәрежелі «Ана даңқы» ордені мен I дәрежелі «Ана медалі» Әлеуметтік кодексте көзделмеген.

    Өтініш берушінің пайымдауынша, мұндай айырмашылық теңдік қағидатына және азаматтардың конституциялық құқықтарына әсер етеді.

    Істің мән-жайлары

    Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1971 жылғы 26 сәуірдегі және 1975 жылғы 30 қазандағы жарлықтарымен өтініш беруші бес баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелегені үшін II дәрежелі «Ана медалімен», ал алты баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелегені үшін I дәрежелі «Ана медалімен» марапатталған.

    Ол соттан I дәрежелі «Ана медалін» «Күміс алқа» наградасына тең деп тануды, тиісті жәрдемақы тағайындауды және моральдық зиянды өтеуді сұраған. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.

    Отырысқа қатысушылар

    Отырысқа Құрылтайдың, Бас прокуратураның, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың, Әділет министрлігінің, Заңнама және құқықтық ақпарат институтының, Парламентаризм институтының өкілдері, сондай-ақ сарапшы қатысты.

    Баяндамашы-судья – Б.М. Нұрмұханов.

    Конституциялық Соттың қорытынды шешімі Конституциялық заңның 65-бабына сәйкес Конституциялық Соттың ресми сайтында, сондай-ақ «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты" жаңалықтары