Конституциялық Сотқа Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының тұрғын үйді меншікке сатып алу үшін тұрғын үй төлемдерін бір рет қана пайдалануды көздейтін 101-1-бабының 10-тармағын (өтініш берілген кезде қолданыста болған редакцияда, жаңа редакцияда – 101-1-баптың 7-тармағы) Конституцияға сәйкестігі тұрғысынан тексеру туралы өтініш келіп түсті.
Өтініш беруге құқық қорғау органы қызметкеріне тұрғын үй төлемдерін қайта тағайындаудан бас тарту негіз болды. Бұған дейін өтініш иесі ипотекалық қарыз бен тұрғын үй төлемдерін пайдалана отырып, бір бөлмелі пәтер сатып алған. Қарыз толық өтелгеннен кейін тұрғын үй төлемдері тоқтатылған. Кейін екі бөлмелі пәтер сатып алу үшін жаңа ипотекалық қарызды ресімдеу кезінде оған тұрғын үй төлемдерін тағайындаудан бас тартылған. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар бұл бас тартуды заңды деп таныған.
Өтініш иесінің пікірінше, тұрғын үй төлемдерін қайта пайдалануға тыйым салу тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысты конституциялық кепілдіктерді және заң мен сот алдындағы теңдік қағидатын бұзады.
Конституциялық Сот мемлекет азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдай жасайтынын, ал азаматтардың жекелеген санаттарына тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі мемлекеттің экономикалық және қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып, заңмен айқындалатынын атап өтті.
Сот тұрғын үй төлемдері қызметтік тұрғын үйдің орнына бюджет қаражаты есебінен берілетінін және оларды тұрғын үйді меншікке сатып алу үшін пайдалануға болатынын түсіндірді. Заңда бұл құқықты бір рет қана іске асыру көзделген.
Өтініш иесі тұрғын үй төлемдерін пайдаланып, пәтер сатып алу арқылы аталған құқығын іске асырған. Ипотекалық қарыз толық өтелгеннен кейін төлемдер уақытша тоқтатыла тұрған жоқ, біржола тоқтатылған. Заңнамада сол елді мекенде тұрғын үйді қайтадан меншікке сатып алу үшін бұл төлемдерді қайта бастау көзделмеген.
Сонымен бірге өтініш иесінің отбасы құрамын ескере отырып, қызметтік тұрғын үй алу немесе қызмет бабымен басқа өңірге ауыстырылған жағдайда тұрғын үйді жалға алу ақысын төлеуге арналған тұрғын үй төлемдерін алу мүмкіндігі сақталады.
Конституциялық Сот тұрғын үй төлемдерін беру шарттары мен оларды бір рет қана пайдалану тәртібінің заңмен белгіленуі өздігінен өтініш иесінің конституциялық құқықтарының бұзылғанын білдірмейтінін атап өтті.









