Конституциялық Сот қайта ұстап алу кезіндегі адамдардың құқықтық жағдайындағы айырмашылықтарды түсіндірді

    Конституциялық Сотқа қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікке ілінген адамды ұстап алудың негіздері мен тәртібін реттейтін Қылмыстық-процестік кодекстің 128 және 131-баптарының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініш келіп түсті.

    Өтініш беруші бұрын сот санкциялаған күзетпен ұстау мерзімі аяқталғаннан кейін сол бір қылмысты жасады деген күдікпен адамды қайта ұстап алу мүмкіндігіне дау келтірді. Бұған дейін тергеуші тиісті өтінішхатты заңда белгіленген мерзімде бермегендіктен, сот күзетпен ұстау мерзімін ұзартудан бас тартқан. Өтініш берушінің пікірінше, жаңа нақты мән-жайлар болмаған жағдайда қайта ұстап алу адамның жеке бас бостандығы мен қолсұғылмаушылығына қатысты конституциялық кепілдіктерді бұзады.

    Конституциялық Сот адамды ұстап алуға және күзетпен ұстауға тек заңды негіздер болған кезде және процестік кепілдіктер сақталған жағдайда ғана жол берілетінін атап өтті. Сот санкциялаған мерзім аяқталғаннан кейін тиісті сот шешімінсіз адамды күзетпен ұстауға жол берілмейді.

    Бұл ретте қылмыстық-процестік заңнама соттың күзетпен ұстауға санкция беруден бас тартуы мен белгіленген мерзімнің аяқталуына байланысты адамды босатудың құқықтық салдарын ажыратады. Бірінші жағдайда жаңа мән-жайлар болған кезде бұлтартпау шарасын қайта қолдануға жол беріледі. Жаңа мән-жайларды анықтау, сондай-ақ бұрынғы ұстап алу және күзетпен ұстау уақытын есепке алу туралы талаптар адамның бостандығын негізсіз және шамадан тыс шектеуге жол бермеуге бағытталған.

    Сонымен бірге өтініште келтірілген уәждер өтініш берушінің тергеу судьясының қайта ұстап алу мән-жайларына берген бағасымен және қабылданған сот актілерімен келіспейтінін білдіреді. Осыған байланысты Конституциялық Сот прокуратура органдары мен соттардың қылмыстық істің нақты мән-жайларын зерттеуді және оларға құқықтық баға беруді, күдіктің негізділігін тексеруді, сондай-ақ құқықтық сәйкессіздіктер анықталған жағдайда сот шешімдерін қайта қарауды қамтамасыз ету міндетін атап көрсетті.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты" жаңалықтары