Бакуде Түркі әлемінің конституциялық юрисдикция органдары конференциясы ұйымына (TÜRK-AY) мүше мемлекеттер өкілдерінің қатысуымен «Конституциялық соттар қызметіндегі жасанды интеллекттің рөлі» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті.
Қазақстан атынан іс-шараға Конституциялық Соттың судьясы Айжан Жатқанбаева, Аппарат басшысының орынбасары Бекболат Сыздықов және талдаушы Әлия Бердібаева қатысты.
Өз сөзінде Айжан Жатқанбаева ғылым мен инновацияларды дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде айқындайтын, сондай-ақ цифрлық технологияларды пайдалану кезінде дербес деректердің қорғалуына және хабарламалар құпиясының сақталуына кепілдік беретін конституциялық ережелерге тоқталды. Судьялардың қабылдайтын шешімдері үшін кәсіби жауапкершілігін сақтау қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Қатысушылар сондай-ақ сот қызметінің тиімділігін арттыруда жасанды интеллектті пайдалану мүмкіндіктерін, заманауи технологияларды енгізуге байланысты құқықтық және этикалық мәселелерді талқылады.








