Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты азаматтың «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 51-бабы 2-тармағының бірінші бөлігі мен Жоғарғы Соттың әке болуды даулау тәртібін реттейтін нормативтік қаулысының 15-тармағы бірінші абзацының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініші бойынша отырыс өткізді.
Дауланып отырған нормаларға сәйкес, егер адам баланың тууын тіркеу кезінде өзінің оның биологиялық әкесі емес екенін білген болса, кейіннен әке болуды даулау туралы талабын қанағаттандыруға жол берілмейді.
Өтініш берушінің ұстанымы
Өтініш беруші мұндай құқықтық реттеу адамның сот арқылы қорғалу құқығын негізсіз шектейді деп есептейді.
Оның пікірінше, баланың анасымен неке бұзылған жағдайда да биологиялық әкесі болып табылмайтын адамның баланы күтіп-бағу және тәрбиелеу жөніндегі ұзақ мерзімді міндеттері сақталады. Бұл өзге де құқықтық салдарға әкеп соғады.
Істің мән-жайлары
Өтініш материалдарына сәйкес, азамат баланың биологиялық әкесі емес екенін біле тұра, туу туралы акт жазбасында оның әкесі ретінде көрсетілуіне өз еркімен келісім берген.
Неке бұзылғаннан кейін ол баланың туу туралы акт жазбасынан өзі туралы әкесі ретіндегі мәліметтерді алып тастау туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар дауланып отырған нормаларды басшылыққа алып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан. Соттар азаматтың әке болуды өз еркімен мойындағанын және оның ерік білдіруіне қысым жасалғанын немесе еркінің бұзылғанын растайтын дәлелдердің жоқтығын негізге алған.
Отырысқа қатысушылар
Отырысқа өтініш берушінің өкілі, Құрылтайдың, Бас прокуратураның, Оқу-ағарту министрлігінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың, Әділет министрлігінің, Республикалық адвокаттар алқасының, Заңнама және құқықтық ақпарат институтының, сондай-ақ Парламентаризм институтының өкілдері қатысты.
Іс бойынша баяндамашы-судья – А.Е. Жатқанбаева.
Конституциялық Соттың қорытынды шешімі Конституциялық заңның 65-бабына сәйкес Конституциялық Соттың ресми сайтында, сондай-ақ «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









