Конституциялық Сотқа Қылмыстық кодекстің (ҚК) қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің түрін айқындауды, мүлікті тәркілеуді және күзетпен ұстау уақытын жаза мерзіміне есепке алуды реттейтін 46-бабы бесінші бөлігінің 2) тармағын, 48 және 62-баптарын Конституцияға сәйкестігі тұрғысынан тексеру туралы өтініш келіп түсті.
Өтініш беруге азаматтың өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемденіп алу немесе талан-таражға салу және алаяқтық жасағаны үшін сотталып, жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеу арқылы бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі негіз болды.
Өтініш берушінің пікірінше, заңнамада ауырлығы салыстырмалы түрде бірдей қылмыстар жасаған адамдар үшін жазаны өтеу жағдайлары мен күзетпен ұстау уақытын жаза мерзіміне есепке алу тәртібінде айырмашылықтар көзделген. Ол мұндай айырмашылықтар заң мен сот алдындағы теңдіктің конституциялық қағидатын бұзады деп есептейді.
Конституциялық Сот Қылмыстық кодексте жаза түрлері мен оларды өтеу жағдайлары, сондай-ақ жаза мерзімдерін есептеу және күзетпен ұстау уақытын жаза мерзіміне есепке алу қағидалары белгіленгенін атап өтті. Бұл қағидалар заңда айқындалған қылмыс санаттары мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің түрлерін ескере отырып қолданылады.
ҚК-нің 62-бабына сәйкес, үкім заңды күшіне енгенге дейін күзетпен ұстауда болған уақыт бас бостандығынан айыру жазасының мерзіміне мекеме түріне қарай мынадай тәртіппен есептеледі: қауіпсіздігі барынша жоғары, төтенше және толық мекемелерде – күзетпен ұстаудың бір күні бас бостандығынан айырудың бір күніне; қауіпсіздігі орташа мекемелерде – бір күні бір жарым күнге; қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде – бір күні екі күнге теңестіріледі.
Конституциялық Сот қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің түрлерін айқындау, жаза мерзімдерін есептеу және күзетпен ұстау уақытын жаза мерзіміне есепке алу тәртібін белгілеу заң шығарушының құзыретіне жататынын атап көрсетті. Тиісті қағидалар қылмыстық заңнамада бекітілген.
Мүлікті тәркілеуді реттейтін ҚК-нің 48-бабына қатысты өтініш беруші аталған норманың Конституцияға қайшы келетінін негіздейтін құқықтық дәлелдер келтірмеген және оның өз ісінде қалай қолданылғанын ашып көрсетпеген. Осыған байланысты Конституциялық Сот аталған бапқа құқықтық баға берген жоқ.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









