Конституциялық Сотқа Қылмыстық-процестік кодекстің (ҚПК) 19-бабының үшінші бөлігін Конституцияға сәйкестігі тұрғысынан тексеру туралы өтініш келіп түсті. Аталған норма күдіктінің, айыпталушының және сотталушының кінәлілігіне қатысты сейілмеген күмәндарды олардың пайдасына түсіндіру қағидатын бекітеді.
Өтініш беруге арыз иесінің өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу және алаяқтық жасағаны үшін сотталуы негіз болды.
Өтініш берушінің пікірінше, ҚПК-де қолданылатын «сейілмеген күмәндар» ұғымы Конституцияда бекітілген айыпталушының кінәлілігіне қатысты кез келген күмәнді оның пайдасына түсіндіру кепілдігінің аясын тарылтады. Осылайша, кінәсіздік презумпциясы қағидатының қолданылуын шектейді.
Конституциялық Сот бұл мәселенің бұрын конституциялық бақылау органы тарапынан қаралғанын атап өтті. 2003 жылғы 26 маусымдағы № 9 нормативтік қаулыда айыпталушының кінәлілігіне қатысты кез келген күмәнді оның пайдасына түсіндіру туралы конституциялық талап пен қылмыстық-процестік заңнамада көзделген «сейілмеген күмәндар» ұғымының арақатынасына қатысты құқықтық ұстаным тұжырымдалған.
Аталған құқықтық ұстанымға сәйкес, қылмыстық процесті жүргізетін орган заңда көзделген барлық шараларды қабылдағаннан кейін де жойылмаған күмәндар айыпталушының пайдасына түсіндіріледі. Демек, «сейілмеген күмәндар» ұғымы кінәсіздік презумпциясының конституциялық кепілдігіне қайшы келмейді.
Конституциялық Сот қолданыстағы ҚПК-нің тиісті ережелері бұрын конституциялық бақылаудан өткен құқықтық реттеуді мәні жағынан сақтап қалғанын атап өтті. Осыған байланысты конституциялық бақылау органының нормативтік қаулылары Конституцияға қайшы келмейтін бөлігінде заңдық күшін сақтайды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









