Конституциялық Сот: акционерлік қоғам органының шешімінің күшін жою қызметкерлердің еңбек құқықтарын тоқтатпайды

    Конституциялық Сотқа «Акционерлік қоғамдар туралы» Заңның 36-бабы 4-тармағының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы азаматтардың өтініштері келіп түсті. Аталған норма акционерлердің жалпы жиналысына қоғамның ішкі қызметіне қатысты мәселелер бойынша қоғамның өзге органдары қабылдаған шешімдердің күшін жою құқығын береді.

    Өтініштерге «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ның жалғыз акционерінің Директорлар кеңесінің лауазымдық жалақылардың жаңа схемасын бекіту туралы шешімінің күшін жоюы негіз болған. Өтініш берушілер тиісті бұйрыққа сот тәртібімен дау айтқанымен, бірінші және апелляциялық сатылардағы соттар олардың талаптарын қанағаттандырмаған.

    Өтініш берушілердің пікірінше, дауланып отырған норма акционердің өкілеттіктеріне жеткілікті шектеулер белгілемейді және қызметкерлердің еңбек құқықтарына әсер ететін шешімдердің күшін олардың құқықтарын қорғаудың тиісті кепілдіктерінсіз жоюға мүмкіндік береді.

    Конституциялық Сот акционерлердің жалпы жиналысының өкілеттіктері заңнамамен және қоғамның жарғысымен айқындалатынын атап өтті. Қоғамның өзге органдары қабылдаған шешімдердің күшін жою құқығы заңда белгіленген шектеулер мен жарғының ережелері ескеріле отырып, қоғамның ішкі қызметіне қатысты мәселелерге қолданылады.

    Сот акционерлік қоғам органының шешімінің күшін жою қызметкерлердің бұрын туындаған еңбек құқықтарын автоматты түрде тоқтатуға немесе өзгертуге әкеп соқпайтынын атап көрсетті. Еңбек қатынастары талаптарын өзгертуге заңнамада және еңбек шартында көзделген негіздер бойынша және тәртіппен ғана жол беріледі. Еңбек кодексінде заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, еңбек шарты талаптарын біржақты тәртіппен өзгертуге жол берілмейді.

    Алдын ала зерделеу қорытындысы бойынша Конституциялық Сот дауланып отырған нормада өтініш берушілердің конституциялық құқықтарының бұзылу белгілерін анықтаған жоқ. Олардың уәждері, негізінен, Директорлар кеңесінің шешімінің күшін жою, еңбекақы төлеу талаптарын өзгерту түріндегі нақты мән-жайлардың құқықтық салдарына және жалпы юрисдикция соттарының істің мән-жайларын бағалауына қатысты болды. Бұл мәселелерді шешу соттардың құзыретіне жатады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты" жаңалықтары