Конституциялық Сот өтінішті қарауға қабылдау кезінде жүгіну мерзімінің маңызын түсіндірді

    Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Салық кодексінің 29-бабының 3-тармағын және шет мемлекеттер, халықаралық және шетелдік ұйымдар, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар берген ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті алған және жұмсаған тұлғалар туралы дерекқорды жүргізу, сондай-ақ мұндай тұлғаларды дерекқорға енгізу және одан шығару қағидаларының 8-тармағын Конституцияға сәйкестігі тұрғысынан тексеру туралы өтінішті қарады.

    Өтініш беруге халықаралық ұйымдармен жасалған келісімшарттар шеңберінде алынған ақша қаражаты туралы есептілік ұсынылғаннан кейін өтініш берушінің дербес деректерінің тиісті тізілімде ашық жариялануы себеп болды.

    Өтініш берушінің пікірінше, дау айтылып отырған нормалар оның келісімінсіз дербес деректерін жариялауға мүмкіндік береді және тізілімнен мәліметтерді алып тастаудың тиімді тетігін көздемейді. Бұған дейін ол Қағидаларды заңсыз деп тану және өзі туралы мәліметтерді тізілімнен алып тастау талаптарымен соттарға жүгінген. Дауларды қарау нәтижесінде қабылданған сот актілері өзгеріссіз қалдырылған.

    Конституциялық Сот Салық кодексінің 29-бабының 3-тармағы дерекқорды жүргізу, оған тұлғаларды енгізу және одан шығару тәртібін реттемейтінін атап өтті. Бұл норма тек тиісті тәртіпті белгілейтін және тізілімнің жариялануын қамтамасыз ететін уәкілетті органды айқындайды.

    Өтініштің жол берілетіндігін бағалау барысында Конституциялық Сот Қағидалардың 8-тармағын бірінші сатыдағы сот 2023 жылғы 11 желтоқсанда қолданғанын анықтады. Конституциялық Сотқа жүгінген кезде Конституциялық заңда белгіленген мерзім өтіп кеткен болатын. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың 2025 жылғы 16 сәуірдегі ұйғарымы жаңа мерзімнің басталуына негіз болған жоқ. Себебі аталған іс бойынша Қағидалардың дау айтылып отырған ережесі тікелей қолданылмаған, тек бұрын қабылданған сот шешіміне байланысты аталған.

    Осылайша, заңда белгіленген өтініштің жол берілетіндігіне қойылатын талаптар сақталмағандықтан, өтініш конституциялық іс жүргізуге қабылданбады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты" жаңалықтары