4-6 қараша күндері Батуми қаласында Грузия Конституциялық Сотының 30 жылдығына арналған «Құқықтық мемлекеттегі конституциялық бақылаудың рөлі» тақырыбында халықаралық конференция өтті.
Іс-шараға 20-дан астам мемлекеттің конституциялық сот төрелігі органдарының, Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық соттың, сондай-ақ ғылыми және сарапшылық қауымдастықтың өкілдері қатысты. Қазақстан атынан Конституциялық Соттың судьялары Қанат Мусин мен Сәкен Абдолла қатысты.
Конференция қатысушыларына Грузия Президенті Михаил Кавелашвили құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Конституцияның үстемдігін және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі конституциялық сот төрелігінің маңызын атап өтті. Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық соттың төрағасы Маттиас Гийомар бейнеүндеу жолдады.
Конференция барысында конституциялық құрылыс, адамның негізгі құқықтарын қорғау және конституциялық бақылаудың даму тарихы мәселелері қаралды. Екінші сессия аясында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Таиланд, Түркия және Корея Республикасының Конституциялық Соттарының өкілдері конституциялық сот төрелігін дамытудағы ұлттық тәжірибелерімен бөлісті.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Қанат Мусин Қазақстандағы конституциялық бақылау жүйесінің қалыптасуы және оның институционалдық дамуының негізгі кезеңдері туралы баяндама жасады.
Конференция конституциялық бақылаудың қазіргі заманғы міндеттерін талқылауға, ұлттық тәжірибе алмасуға, сондай-ақ Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету және адам құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кәсіби пікір алмасуға мүмкіндік берді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









