Болат Ақшолақов Қызылқоға ауданының тұрғындарымен кездесті

    1 / 13

    Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов Қызылқоға ауданының тұрғындарымен кездесіп, ауыл шаруашылығын дамыту, әлеуметтік нысандардың құрылысы, жол инфрақұрылымы мен коммуналдық мәселелерді шешу жайын талқыға салды.

    Облыс әкімі жұртшылыққа атқарылған жұмыстың нәтижелері, іске асырылып жатқан жобалар мен ауданның алдағы дамуына қатысты жоспарлар жайында баяндады.

    Аудандағы экономикалық өсімнің негізгі көзінің бірі —ауыл шаруашылығы. Биылғы тоғыз айда өндірілген өнім көлемі 16 млрд теңгеге жетті. Жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға 2025–2026 жылдары 758 млн теңге субсидия бөлінген. Бұған қоса, жалпы сомасы 1,4 млрд теңге болатын 96 жобаға несиелеу жолымен қолдау көрсетілген.

    Білім беру инфрақұрылымын дамыту да басты назарда. Былтыр төрт мектеп жаңартылған. Биыл Миялыдағы Ы. Шореков атындағы орта мектеп жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, Б. Аманшин, Ғ. Сланов, Ш. Еркінов атындағы мектептердің және Мұқыр ауылындағы мектептің реновациясына жобалау-сметалық құжаттама дайындалды. Егер жоба қаржыландырылса, келесі жылы құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланып отыр.

    Жамансор ауылында 80 орындық негізгі мектеп пен 30 орындық интернаттың құрылысы аяқталды. Олар биылғы қыркүйекте алғашқы шәкірттерін қабылдады.
    Қарабауда 150 орындық бастауыш мектеп бой көтеруде, ол 2027 жылдың аяғына дейін пайдалануға берілмек.

    Жастарға арналған әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да жалғасуда. Былтыр Сағыз ауылындағы Өнер мектебі мен Жастар орталығы жаңа ғимараттарға қоныстанды.

    Денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Мұқыр ауылдық амбулаториясына жапсаржай, Жантерек пен Жамансорда медициналық пункттер салынды. Қазір құрал-жабдықтары қондырылуда. Нысандар биылғы желтоқсанда пайдалануға берілмек. Келесі кезеңде аудандық аурухана күрделі жөндеуден өткізіледі. Жұмысты жыл аяғына дейін бастау көзделіп отыр.

    Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де маңызды бағыттардың санатында. 2025 жылы ауданда демеушілік қолдаудың арқасында үш қабатты 60 пәтерлі үй салынды. Бұдан бөлек, бюджет қаражатына мұқтаж азаматтарға 69 үй сатып алынды. Биыл тағы 28 үй сатып алынып, оның 18-і табысталды. Қалғаны жыл аяғына дейін тапсырылмақ. Биылғы жоспар бойынша 36 үй сатып алу көзделген.

    Жол инфрақұрылымының дамуы да біраз ілгерілемек. Былтыр ұзындығы 45 шақырымдық «Тайсойған – Миялы» автожолының құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта ұзындығы 18 шақырымдық «Миялы – Ойыл» жолының құрылысы және ұзындығы 115 км «Сағыз – Миялы» тасжолын орташа жөндеу жалғасып жатыр. Бұл жұмыстар 2027 жылдың аяғына дейін тәмамдалмақ. Ұзындығы 153 км «Мұқыр – Құлсары» автожолының құрылысы жыл біткенше аяқталуы тиіс.

    Жол жұмыстары елді мекендердегі көшелерде де жүріп жатыр. Ауданда жалпы ұзындығы 97 шақырымдық ауылішілік жолдарды салу мен жөндеуді қамтитын 11 жоба қолға алынған. Миялыда 32 шақырымдық екі жоба, Сағызда 17,7 шақырымдық екі, Мұқырда 19,8 шақырымдық үш жоба қарастырылған. Бұдан бөлек, Жангелдин, Жасқайрат, Қоныстану және Қарабау ауылдарында жалпы ұзындығы 27,5 км болатын тағы төрт жоба іске асырылу үстінде. Жұмыстар 2027 жылы толығымен аяқталуы тиіс.

    Ауданның мәдени инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған жұмыстар да жалғасуда. Қарабау мен Жангелдинде 300 орындық, Мұқырда 400 орындық және Миялыда 500 орындық мәдениет үйі салынып жатыр. Барлық нысанның құрылысын келесі жылы аяқтау жоспарланған.

    Ауданда спорттық инфрақұрылым да белсенді дамып келеді. Бұған дейін Тасшағыл, Жасқайрат, Қарабау және Қаракөлде жаңа спорт кешендері ашылды. Биыл Қоныстануда спорт кешені бой көтерді. Ал Сағызда салынған жаңа стадион жақында пайдалануға берілмек.
    Мұқыр, Жангелдин және Тайсойғанда да спорт нысандарының құрылысы басталды. Сағыздағы балалар спорт мектебі реконструкцияланып, жапсаржай салынып жатыр. Бұл жобалар жоспар бойынша 2027 жылдың аяғына дейін іске асырылуы тиіс.

    Республика шеңберіндегі 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасы аясында Атырау облысында тоғыз нысанды жаңарту қарастырылған. Сағыздағы вокзал толығымен кайта жаңартылып, пайдалануға берілді. Мұқыр және Жамансор станцияларында жұмыс әлі жүріп жатыр.

    Су тасқыны қаупін сейілтуге ерекше көңіл бөлінуде. Былтыр Ойыл және Ноғайты өзендерінің өткізу қабілетін арттыру, арналарды тазарту және тереңдету, жаға бекіту жұмыстары қолға алынды. Биыл Ойыл өзеніндегі 69,1 шақырым және Ноғайты өзеніндегі 4,7 шақырым учаскедегі жұмыстар толығымен аяқталды.

    Әкімнің жұртшылықпен кездесуінде жіті назар аударуды талап ететін мәселелер де аталды. Болат Ақшолақов теміржол вокзалдарын қайта жаңартудың мерзімі мен жұмыстың сапасын сақтау керегін баса айтты. Аудан әкімі Қанат Әзмұхановқа құрылысқа бақылауды күшейту және нысандардың уақытында пайдалануға берілуін қамтамасыз ету тапсырылды.

    Кездесу баяндамадан кейін ашық диалог форматында жалғасты. Тұрғындар спорт пен ауыл шаруашылығын дамыту, жол жөндеу, мәдениет нысандарын салу, бейнебақылау камераларын орнату, шөппен және ауызсумен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Жылы аялдамалар салу, балық шаруашылығын дамыту және саланы мамандармен қамтамасыз ету туралы да сөз қозғалды.

    Болат Ақшолақов тұрғындардың сауалына жауап беріп, аудан әкімі мен бейінді государственный орган басшыларына көтерілген мәселелерді жан-жақты зерделеуді, ұсыныстарды қолданыстағы заңнама шеңберінде қарастыруды жүктеді.

    Өңір басшысы тұрғындармен кездесуден кейін азаматтарды жеке қабылдады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Атырау облысының әкімдігі" жаңалықтары