Мемлекеттік қолдау – жаңа мүмкіндіктерге бастар жол

    1 / 3

    Жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту, жастарға еңбек нарығында өз орнын табуға көмектесу және сұранысқа ие мамандықтарды меңгерту – мемлекеттік жұмыспен қамту саясатының басым бағыттарының бірі. Осы орайда Мәртөк аудандық Мансап орталығы арқылы жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік қолдау шаралары өз нәтижесін көрсетіп келеді. Бүгінде бірқатар аудан тұрғыны түрлі бағдарламалардың игілігін көріп, кәсіби дағдыларын жетілдіріп, тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды.

    Жастарды еңбекке баулып, кәсіби тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беретін «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында Дубина Татьяна Константиновна 2025 жылғы 26 тамыздан бастап «Назаренко С.» жеке кәсіпкерлігіне жұмысқа орналастырылды.

    Қазіргі таңда Татьяна кондитерлік өнімдерді әзірлеу бағытында тәжірибе жинақтап, аспаздық шеберлігін шыңдауда. Ол кондитерлік өнімдерді дайындау технологияларын меңгеріп, тағам әзірлеудің қыр-сырын үйренуде. Осылайша, теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, болашақ кәсібінің қыр-сырын тереңірек танып келеді.

    Жас мамандардың еңбек жолын бастауына жол ашатын «Жастар практикасы» бағдарламасы да нәтижелі жүзеге асуда.

    Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің түлегі Аманжолов Бақдәулет Ермекбайұлы 2026 жылғы 11 тамызда аталған бағдарлама аясында Мәртөк аудандық білім бөліміне жолданып, тәжірибеден өтуге қабылданды.

    Бұл мүмкіндік жас маманға алған білімін іс жүзінде қолдануға, кәсіби ортаға бейімделуге және еңбек тәжірибесін қалыптастыруға жол ашып отыр.

    Мемлекеттік қолдаудың тағы бір тиімді бағыты – жұмыссыз азаматтарды сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту.

    Мәселен, Булентаев Мұрат Зейноллаевич 2026 жылғы 28 сәуірде Мәртөк аудандық Мансап орталығына жүгініп, жұмыссыз ретінде тіркелген. Орталықтың жолдамасымен ол 2026 жылғы 3 шілде мен 2 қазан аралығында Қобда көпсалалы колледжінде «Қазандық операторы» мамандығы бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтті. Оқу курсын сәтті аяқтап, тиісті куәлікке ие болды.

    Бүгінде Мұрат Зейноллаевич алған білімін тәжірибеде қолданып, Мәртөк аудандық Мәдениет үйіне қазандық операторы болып жұмысқа орналасты.

    Аталған мысалдар мемлекеттік қолдау шараларының азаматтардың жұмыспен қамтылуына ғана емес, олардың жаңа кәсіп меңгеріп, кәсіби әлеуетін арттыруына да ықпал ететінін көрсетеді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" жаңалықтары