Бүгінде жаңа мамандық игеру немесе кәсіби біліктілікті арттыру үшін міндетті түрде оқу орнына барудың қажеті жоқ. Skills Enbek платформасы тұрғындарға үйден шықпай-ақ жаңа білім алып, еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді.
Платформада әртүрлі бағыттағы онлайн курстар ұсынылған. Азаматтар өз қызығушылығы мен кәсіби мақсатына қарай оқу бағдарламасын таңдап, білімін жетілдіре алады. Оқыту қашықтан, қолжетімді форматта жүргізіледі.
2026 жылдың басынан бері Ақтөбе облысында Skills Enbek платформасында 3 498 адам оқу курстарын аяқтады. Олардың 3 086-ы оқу нәтижесі бойынша сертификат алды.
Оқу бағдарламалары бухгалтерлік есеп, агрономия, әлеуметтік жұмыс, көлік құралдарын басқару, кәсіпкерлік, цифрлық технологиялар және басқа да бағыттарды қамтиды.
Курсты толық меңгеріп, қорытынды тестілеуден сәтті өткен қатысушыларға электрондық сертификат беріледі. Бұл сертификат Enbek.kz Электрондық еңбек биржасындағы түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі.
Платформа жұмыссыз азаматтарға ғана емес, еңбек етіп жүрген және кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуді қалайтын тұрғындарға да арналған.
Қалай тіркелуге болады?
Ол үшін skills.enbek.kz сайтына кіріп, тіркелу қажет. Қажетті курсты таңдап, онлайн оқуды бастауға болады.
Сонымен қатар кеңес алу үшін тұрғылықты жері бойынша Мансап орталықтарына жүгінуге болады.
Қазіргі таңда Skills Enbek платформасында түрлі бағыттар бойынша 568 оқу курсы орналастырылған. Оның 361-і тегін қолжетімді. Курстардың ұзақтығы 2 сағаттан 72 сағатқа дейін созылады, бұл азаматтарға өз қажеттіліктеріне сәйкес білім алу мүмкіндігін береді.
Білім алуға мүмкіндік көп. Ең бастысы – алғашқы қадам жасау!
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









