Ақтөбеде әлеуметтік қорғау саласының үздік қызметкерлері кәсіби мерекеге орай мемлекеттік наградаларға ие болды

    1 / 15

    «Мейіріммен өрілген мерейлі еңбек» атты салтанатты шара Өнер орталығы ғимаратында өтті. Оған облыс әкімі Асхат Шахаров қатысты.

    Сондай-ақ мерекелік жиынға мемлекеттік мекемелердің басшылары, Қазақстан Халық кеңесінің мүшелері, сала ардагерлері мен мамандары, өндірістік компаниялардың жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіподақ өкілдері қатысты.

    «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарын айқындай отырып, Қазақстанның әлеуметтік мемлекет екенін үнемі атап келеді. Біздің басты міндетіміз – өңірдің бірде-бір тұрғынын назардан тыс қалдырмау. Әлеуметтік қолдау уақытылы әрі нақты көрсетілуі тиіс. Көмекке мұқтаж адам қажетті қызметті алу үшін мекемелердің табалдырығын тоздырмауы керек», – деді облыс әкімі.

    Ақтөбе облысында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бүгінде 33 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған, оның ішінде 900-ге жуық азамат – мүгедектігі бар адам. Мемлекеттік еңбек инспекторлары 3 700-ге жуық жұмыскердің құқығын қорғады. Ал Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 22 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат қажетті техникалық оңалту құралдары мен қызметтерге қол жеткізді.

    Бұл көрсеткіштердің артында нақты адамдардың тағдыры, отбасылардың әл-ауқаты мен азаматтардың қорғалған құқықтары тұр. Сондықтан әлеуметтік сала жұмысының сапасын арттыру, көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін қамтамасыз ету алдағы уақытта да басты басымдықтардың бірі болып қала береді.

    Асхат Шахаров халықпен тікелей жұмыс істеп, күн сайын жауапты міндеттерді атқарып жүрген барлық маманға, сондай-ақ салаға ұзақ жылдар бойы адал қызмет етіп, жас ұрпаққа үлгі болған ардагерлерге алғысын білдірді.

    Бүгінде облыстың әлеуметтік қорғау жүйесінде 2 мыңнан астам маман еңбек етеді. Олардың қатарында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары, Еңбек мобильділігі орталығы, үйде қызмет көрсету бөлімшелері, Отбасын қолдау орталықтары мен Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының қызметкерлері бар. Сонымен қатар қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтар, мүгедектігі бар адамдар және тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсететін мамандар да осы салада.

    Мерекелік шара аясында әлеуметтік сала және өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосқан, көп жылғы адал еңбегі мен жоғары кәсібилігі үшін бірқатар маманға мемлекеттік және ведомстволық наградалар табысталды.

    «Құрмет» орденімен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің облыстық департаментінің бас маманы Әлия Низамутдинова және «Қазахойл Ақтөбе» ЖШС механика, энергетика және метрология бөлімінің басшысы Арыстанғали Байымбетов марапатталды.

    Бұдан бөлек, әлеуметтік сала мамандары мен ардагерлері «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» және «Салаға қосқан үлесі үшін» медальдарымен, сондай-ақ көп жылғы адал еңбегі мен саланың дамуына қосқан үлесі үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.

    Мерекелік шараның маңызды бөліктерінің бірі – өнер орталығының фойесінде ұйымдастырылған креативті индустрия көрмесі болды. Онда мүгедектігі бар адамдар мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде отырған азаматтар дайындаған қолөнер бұйымдары, өнімдер мен шығармашылық жұмыстар көпшілік назарына ұсынылды.

    Көрмеге «InvaPARK» инклюзивті қызмет көрсету индустриясы, Қазақстан саңыраулар қоғамы, «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе оқу-өндірістік кәсіпорны, Ақтөбе қалалық қазақ зағиптар мәдениет үйі және облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қатысты.

    Ұсынылған жұмыстар қатысушылардың шығармашылық әлеуетін, өзін-өзі дамыту мүмкіндіктерін және әр адамның қоғамға бейімделіп, еңбекке араласуына жағдай жасаудың маңызын көрсетті.

    Көрмедегі ерекше экспозициялардың бірі – ақтөбелік 19 жастағы Ескендір Сағынайдың картиналары. Жас жігіт церебралды сал ауруына шалдыққан, есту және сөйлеу қабілетінен айырылған. Соған қарамастан, ол өнерден өз жолын тауыпты.

    Ескендір қарым-қатынасқа ымдау тілін қолданады. Оның картиналары көрмеге келушілердің үлкен қызығушылығын тудырды.

    Анасы Жанна Әлжанованың айтуынша, ұлы үйден білім алған. Сурет салумен қатар тігіншілік өнерін де меңгерген. Қазір ательеде жұмыс істейді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" жаңалықтары