Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы

    Жалпы ақпарат

    «Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесі халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

    Жаңалықтар

    Барлық жаңалықтар
    ОтырысАяқталды

    Мемлекеттік қолдау – жаңа мүмкіндіктерге бастар жол

    Жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту, жастарға еңбек нарығында өз орнын табуға көмектесу және сұранысқа ие мамандықтарды меңгерту – мемлекеттік жұмыспен қамту саясатының басым бағыттарының бірі. Осы орайда Мәртөк аудандық Мансап орталығы арқылы жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік қолдау шаралары өз нәтижесін көрсетіп келеді. Бүгінде бірқатар аудан тұрғыны түрлі бағдарламалардың игілігін көріп, кәсіби дағдыларын жетілдіріп, тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. Жастарды еңбекке баулып, кәсіби тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беретін «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында Дубина Татьяна Константиновна 2025 жылғы 26 тамыздан бастап «Назаренко С.» жеке кәсіпкерлігіне жұмысқа орналастырылды. Қазіргі таңда Татьяна кондитерлік өнімдерді әзірлеу бағытында тәжірибе жинақтап, аспаздық шеберлігін шыңдауда. Ол кондитерлік өнімдерді дайындау технологияларын меңгеріп, тағам әзірлеудің қыр-сырын үйренуде. Осылайша, теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, болашақ кәсібінің қыр-сырын тереңірек танып келеді. Жас мамандардың еңбек жолын бастауына жол ашатын «Жастар практикасы» бағдарламасы да нәтижелі жүзеге асуда. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің түлегі Аманжолов Бақдәулет Ермекбайұлы 2026 жылғы 11 тамызда аталған бағдарлама аясында Мәртөк аудандық білім бөліміне жолданып, тәжірибеден өтуге қабылданды. Бұл мүмкіндік жас маманға алған білімін іс жүзінде қолдануға, кәсіби ортаға бейімделуге және еңбек тәжірибесін қалыптастыруға жол ашып отыр. Мемлекеттік қолдаудың тағы бір тиімді бағыты – жұмыссыз азаматтарды сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту. Мәселен, Булентаев Мұрат Зейноллаевич 2026 жылғы 28 сәуірде Мәртөк аудандық Мансап орталығына жүгініп, жұмыссыз ретінде тіркелген. Орталықтың жолдамасымен ол 2026 жылғы 3 шілде мен 2 қазан аралығында Қобда көпсалалы колледжінде «Қазандық операторы» мамандығы бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтті. Оқу курсын сәтті аяқтап, тиісті куәлікке ие болды. Бүгінде Мұрат Зейноллаевич алған білімін тәжірибеде қолданып, Мәртөк аудандық Мәдениет үйіне қазандық операторы болып жұмысқа орналасты. Аталған мысалдар мемлекеттік қолдау шараларының азаматтардың жұмыспен қамтылуына ғана емес, олардың жаңа кәсіп меңгеріп, кәсіби әлеуетін арттыруына да ықпал ететінін көрсетеді.

    7 қараша 2026 ж.Тікелей
    ОтырысАяқталды

    Еңбек министрлігі әлеуметтік аударымдарды тексеру тәртібін түсіндіреді

    ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыскерлер жұмыс берушінің өздері үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (бұдан әрі – МӘСҚ) әлеуметтік аударымдарды аударып отырғанын өз бетінше тексере алатынын еске салады. Бұл туралы мәліметтерді eGov.kz порталы, жекелеген банктердің мобильді қосымшалары арқылы, сондай-ақ ХҚКО-ға немесе Қордың филиалына жеке жүгіну арқылы алуға болады. Әлеуметтік аударымдардың уақтылы әрі толық төленуі жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік қорғалуында маңызды рөл атқарады. Осы аударымдар негізінде адамның табысы мен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығы ескеріледі. Бұл көрсеткіштер тиісті әлеуметтік төлемдерді алу құқығын айқындау және олардың мөлшерін есептеу үшін қажет. Жалпы тәртіп бойынша жұмыс берушілер жұмыскерлер үшін әлеуметтік аударымдарды өз қаражаты есебінен төлейді. Ол жұмыскердің жалақысынан ұсталмайды. Әлеуметтік аударымдардың мөлшерлемесі заңнамаға сәйкес оларды есептеу үшін қабылданатын табыстың 5%-ын құрайды. Аударымдар ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірілмей жүргізілуге тиіс. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі еңбекке қабілеттіліктен айырылу, жұмысынан айырылу, жүктілік пен босануға, жаңа туған баланы асырап алуға, сондай-ақ бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табыстан айырылу жағдайларында әлеуметтік төлемдер алуды көздейді. Жүйеге қатысушы қайтыс болған жағдайда, заңнамада белгіленген талаптар сақталған кезде оның асырауындағы отбасы мүшелері асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алуға құқылы. Әлеуметтік төлемдердің мөлшері әлеуметтік тәуекелдің түріне, әлеуметтік аударымдар жүргізілген табыс мөлшеріне және жүйеге қатысу ұзақтығын қоса алғанда, заңнамада көзделген өзге де өлшемшарттарға байланысты айқындалады. Аударымдарды тексеру үшін eGov.kz порталында «Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға әлеуметтік аударымдардың жағдайы мен қозғалысы туралы ақпарат беру» қызметін пайдалану қажет. Ол үшін пайдаланушы қажетті мәліметтер қамтылатын кезеңді таңдап, электрондық сұрау салуды жолдайды. Нәтижені жеке кабинеттен көруге болады. Сондай-ақ мәліметтерді жекелеген банктердің мобильді қосымшаларындағы «Мемлекеттік қызметтер» бөлімінен алуға болады. ХҚКО-ға немесе МӘСҚ филиалына жүгінген кезде жеке басты куәландыратын құжатты көрсету қажет. Бұл ақпарат аударылған сомалар мен қаражат түскен кезеңдерді тексеруге мүмкіндік береді. Егер жекелеген айлар бойынша әлеуметтік аударымдар түспегені анықталса немесе олардың мөлшеріне қатысты сұрақтар туындаса, мәліметтерді салыстырып тексеру үшін жұмыс берушіге немесе бухгалтерияға жүгіну қажет. Жұмыс беруші әлеуметтік аударымдарды төлеу жөніндегі міндеттемесін орындамаған жағдайда, жұмыскер олардың толық әрі уақтылы аударылуын бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органдарына өтініш беруге құқылы. Әлеуметтік төлемдерге қатысты кеңесті МӘСҚ филиалдарынан және 1414 бірыңғай байланыс орталығынан алуға болады. Әлеуметтік аударымдарды тұрақты түрде тексеру олардың уақытылы түспеуін немесе мәліметтердегі сәйкессіздіктерді дер кезінде анықтап, әлеуметтік тәуекел туындағанға дейін тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

    7 қараша 2026 ж.Тікелей
    ОтырысАяқталды

    SKILLS ENBEK – кәсіби дамуға бастар жол

    Бүгінде жаңа мамандық игеру немесе кәсіби біліктілікті арттыру үшін міндетті түрде оқу орнына барудың қажеті жоқ. Skills Enbek платформасы тұрғындарға үйден шықпай-ақ жаңа білім алып, еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. Платформада әртүрлі бағыттағы онлайн курстар ұсынылған. Азаматтар өз қызығушылығы мен кәсіби мақсатына қарай оқу бағдарламасын таңдап, білімін жетілдіре алады. Оқыту қашықтан, қолжетімді форматта жүргізіледі. 2026 жылдың басынан бері Ақтөбе облысында Skills Enbek платформасында 3 498 адам оқу курстарын аяқтады. Олардың 3 086-ы оқу нәтижесі бойынша сертификат алды. Оқу бағдарламалары бухгалтерлік есеп, агрономия, әлеуметтік жұмыс, көлік құралдарын басқару, кәсіпкерлік, цифрлық технологиялар және басқа да бағыттарды қамтиды. Курсты толық меңгеріп, қорытынды тестілеуден сәтті өткен қатысушыларға электрондық сертификат беріледі. Бұл сертификат Enbek.kz Электрондық еңбек биржасындағы түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Платформа жұмыссыз азаматтарға ғана емес, еңбек етіп жүрген және кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуді қалайтын тұрғындарға да арналған. Қалай тіркелуге болады? Ол үшін skills.enbek.kz сайтына кіріп, тіркелу қажет. Қажетті курсты таңдап, онлайн оқуды бастауға болады. Сонымен қатар кеңес алу үшін тұрғылықты жері бойынша Мансап орталықтарына жүгінуге болады. Қазіргі таңда Skills Enbek платформасында түрлі бағыттар бойынша 568 оқу курсы орналастырылған. Оның 361-і тегін қолжетімді. Курстардың ұзақтығы 2 сағаттан 72 сағатқа дейін созылады, бұл азаматтарға өз қажеттіліктеріне сәйкес білім алу мүмкіндігін береді. Білім алуға мүмкіндік көп. Ең бастысы – алғашқы қадам жасау!

    6 қараша 2026 ж.Тікелей
    ОтырысАяқталды

    Ақтөбе өңірінде әлеуметтік мекемелерге қаржылай қолдау көрсетілді

    Ақтөбе облысында әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған жаңа қолдау шарасы қолға алынды. Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне орай өңірдегі бес әлеуметтік мекемеге қажетті жабдықтар сатып алу үшін жалпы құны 55 миллион теңгені құрайтын сертификат табысталды. Атап айтқанда, 10 миллион теңгелік сертификат - №1 әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы, №2 әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы, №3 әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы және Ақтөбе қаласындағы «Қамқорлық» орталығына берілді. Ал 15 миллион теңгенің сертификатына Темір ауданының Шұбарқұдық ауылында жақында ғана ашылған «Ainala» оңалту орталығы ие болды. Бөлінетін қаражат мекемелердің қажеттілігіне қарай жабдықтар мен құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсалады. Нәтижесінде әлеуметтік қызметкерлердің жұмыс мүмкіндігі кеңейіп, қарттар, мүгедектігі бар азаматтар мен ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін қолайлы жағдай жасауға қосымша мүмкіндік туады. Бүгінде Ақтөбе облысында әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі бірнеше бағыт бойынша дамып келеді. Өңірдегі мекемелерде стационарлық және жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынылады. Атап айтқанда, «№1 әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында» 238 адам, «№2 әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында» 430 адам бар. Ал балаларға арналған «№3 әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» 60 баланы қамтып отыр. Бұдан бөлек, Ақтөбе қаласындағы «Қамқорлық» орталығы 100 балаға,«Ainala» оңалту орталығы тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық патологиялары бар 100 балаға қызмет көрсетуге қауқарлы.

    6 қараша 2026 ж.Тікелей
    ОтырысАяқталды

    Жұмысқа орналасқан кездегі сынақ мерзімі: қызметкер нені білуі керек?

    Жұмысқа қабылдаған кезде жұмыс беруші қызметкердің кәсіби біліктілігін және тапсырылған жұмысты атқара алатынын бағалау үшін сынақ мерзімін белгілей алады. Бірақ сынақ мерзімі кезінде де азаматтардың еңбек құқықтары толық сақталуға тиіс. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, сынақ мерзімі туралы талап еңбек шартында міндетті түрде көрсетілуі керек. Егер еңбек шартында мұндай талап болмаса, қызметкер сынақ мерзімінсіз жұмысқа қабылданған болып есептеледі. Әдетте сынақ мерзімі үш айдан аспауы қажет. Ал кейбір қызметкерлер үшін, атап айтқанда ұйым басшылары мен олардың орынбасарларына, бас бухгалтерлер мен олардың орынбасарларына, сондай-ақ филиалдар мен өкілдіктердің басшыларына алты айға дейін сынақ мерзімі белгіленуі мүмкін. Ең бастысы, қызметкер жұмысқа кіріскен алғашқы күннен бастап заңда көзделген барлық негізгі еңбек құқықтары мен кепілдіктеріне ие болады. Атап айтқанда, сынақ мерзімі кезінде қызметкердің: жалақысын уақытылы әрі толық көлемде алуға; белгіленген жұмыс уақыты мен демалыс тәртібінің сақталуына; қауіпсіз еңбек жағдайында жұмыс істеуге; еңбек заңнамасында қарастырылған әлеуметтік кепілдіктерді пайдалануға; еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға құқығы бар. Сынақ мерзімі кезінде жұмыс беруші жалақыны азайта ала ма? Сынақ мерзімінің белгіленуі жалақыны азайтуға негіз бола алмайды. Еңбекақының мөлшері еңбек шартында көрсетіледі және заң талаптарына сай болуы керек. Мәселен, азамат жұмысқа үш айлық сынақ мерзімімен қабылданса, жұмыс беруші оның сынақтан өтіп жатқанына сілтеме жасап, жалақысын өз бетінше азайта алмайды. Еңбекақы мөлшерін өзгеше белгілеу үшін заңды негіз болуы және бұл талап еңбек шартында көрсетілуі қажет. Сынақ мерзімінен өте алмаса, қызметкерді жұмыстан шығаруға бола ма? Егер сынақ нәтижесі бойынша жұмыс беруші қызметкердің тапсырылған жұмысқа сәйкес келмейді деген қорытындыға келсе, еңбек шартын заңда белгіленген тәртіппен бұза алады. Бұл ретте жұмыс беруші қызметкерге еңбек шартын бұзатынын алдын ала хабарлап, сынақ нәтижесінің неліктен қанағаттанарлықсыз деп танылғанын түсіндіруге міндетті. Яғни сынақ мерзімінде жүрген қызметкерді жұмыс беруші өз қалауынша, ешқандай себеп түсіндірместен және заңда белгіленген тәртіпті сақтамай жұмыстан шығара алмайды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сынақ мерзімі ресми еңбек қатынастарының бір бөлігі екенін еске салады. Осы кезеңде де қызметкердің еңбек құқықтары мен заңда көзделген кепілдіктері толық сақталады. Сондықтан жұмысқа орналасар алдында еңбек шартын мұқият оқып шығу қажет. Әсіресе сынақ мерзімінің ұзақтығына, жалақы мөлшеріне және еңбек жағдайларына қатысты талаптарға назар аударған жөн. Өзінің еңбек құқықтарын білу қызметкерге заң бұзушылықтардың алдын алуға және жұмысқа орналасу кезінде өз мүддесін қорғауға мүмкіндік береді.

    5 қараша 2026 ж.Тікелей
    ОтырысАяқталды

    Шұбарқұдықта ашылған оңалту орталығы 6 ауданның балаларына қызмет көрсетеді

    Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық ауылындағы ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Ainala» оңалту орталығында енді Темір ауданымен қатар Алға, Мұғалжар, Қобда, Ойыл және Байғанин аудандарының тірек-қимыл аппараты бұзылған, психоневрологиялық патологиялары, оның ішінде аутизм спектрінің бұзылыстары бар балалары кешенді оңалту көмегін тегін ала алады. Жалпы ауданы 2 мың шаршы метрді құрайтын орталықта қазіргі уақытта 11 бала оңалтудан өтуде. Нысан негізінен бір мезгілде кемінде 50 баланы қабылдауға қауқарлы. Орталықта АВА-терапия, сенсорлық интеграция, емдік дене шынықтыру және механотерапия кабинеттері, тұз бөлмесі, иммерсиялық ванна, сондай-ақ еңбек және арт-терапия шеберханалары бар. Балалармен невролог, психолог, логопед, дефектолог және емдік дене шынықтыру нұсқаушылары жұмыс істейді. Сонымен қатар ерте араласу және әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау кабинеттері қарастырылған. Оңалту шаралары әр баланың жеке қажеттіліктері мен даму ерекшеліктерін ескере отырып жүргізіледі. Дәрігерлер мен бейінді мамандардан құралған мультидисциплинарлық топ әр балаға жеке даму бағдарламасын әзірлейді. Орталықтың басты ерекшеліктерінің бірі – балаларға күндізгі және тәулік бойы стационар жағдайында көмек көрсету мүмкіндігі. Бұл, әсіресе, аудан мен жақын ауылдарда тұратын отбасылар үшін маңызды. Енді ата-аналар балаларын оңалту үшін облыс орталығына тұрақты түрде қатынамай-ақ, қажетті қызметтерді осы жерден ала алады. Қызмет сапасын қамтамасыз ету мақсатында орталықтың 30 маманы арнайы кәсіби даярлықтан өтіп, біліктілігін арттырды. Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов орталықтың ерекше қажеттіліктері бар балаларға сапалы әрі қолжетімді көмек көрсетудегі маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай әлеуметтік нысандар балалардың дамуына қолдау көрсетіп қана қоймай, ата-аналардың да әлеуметтік жүктемесін жеңілдетеді. Темір ауданының әкімі Алмас Жақсылықов та орталықтың ашылуы аудан тұрғындары үшін маңызды оқиға екенін жеткізді. Енді отбасылар балаларын оңалту үшін облыс орталығына сабылмайды. Орталықтың жұмысы ата-аналар тарапынан да оң бағаға ие. «Осындай заманауи оңалту орталығының өз ауданымызда ашылғанына өте қуаныштымыз. Бұған дейін балаларымызға қажетті оңалту шараларын алу үшін облыс орталығына баруға тура келетін. Енді сапалы әрі кәсіби көмекті өз өңірімізде тегін алуға мүмкіндік туып отыр. Бұл – біз, ата-аналар үшін үлкен қолдау. Орталық мамандарына алғысымды білдіремін. Балаларымыздың дамуына, қоғамға бейімделуіне осындай жағдай жасалып жатқаны көңілімізге сенім ұялатады», – деді Жақсымай ауылдық округінің тұрғыны Рая Умирова. Шұбарқұдық кентінің тұрғыны Анаргүл Қосқұлақова үшін де орталықтың пайдалануға берілуі ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін көптен күткен жаңалық. «Заманауи оңалту орталығының ауданымызда ашылғанына қуаныштымын. Бұл – ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың ата-аналары үшін үлкен мүмкіндік. Балаларымыз енді қажетті оңалту қызметтерін өз өңірімізде, білікті мамандардың көмегімен ала алады. Әсіресе, барлық қызметтің тегін көрсетілуі – ата-аналар үшін үлкен қолдау. Осындай игі бастаманы жүзеге асыруға үлес қосқан «Самұрық-Қазына» АҚ және «Baquatty Aimaq Qory» қоғамдық қорына аналық алғысымды білдіремін», – деді Анаргүл Қосқұлақова. Орталықта өткен ашық есік күніне Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғ. Елеуов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Л. Уразбаева, Темір ауданының әкімі А. Жақсылықов, «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының бас директоры Ә. Әдиева және «Baquatty Aimaq Qory» қоғамдық қоры директорының орынбасары А. Еркінова қатысты. Қонақтар орталықты аралап, арнайы кабинеттердің жұмысы, заманауи құрал-жабдықтар және балаларға көрсетілетін оңалту қызметтерімен танысты. Айта кетейік, «Ainala» оңалту орталығы Мемлекет басшысының ерекше қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау жөніндегі тапсырмалары аясында Ақтөбе облысы әкімдігі, «Самұрық-Қазына» АҚ және «Baquatty Aimaq Qory» қоғамдық қорының серіктестігі нәтижесінде жүзеге асырылды.

    4 қараша 2026 ж.Тікелей
    Кесте

    Азаматтарды қабылдау орталығында азаматтарды қабылдаудың 2026 жылғы 4- тоқсанға бекітілген бірыңғай кестесі

    4-тоқсан кестесі

    Жарияланды:
    Конкурстар

    «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік әлеуметтік жұмыскері және үздік әлеуметтік жоба» 2026 жылға арналған өңірлік конкурстың ұйымдастырылуы мен өткізілу жөніндегі ІС-ШАРАЛАР ЖОСПАРЫ

    Жарияланды:
    Конкурстар

    «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік жұмыскері және үздік әлеуметтік жоба» конкурсын өткізу туралы

    Жарияланды:
    Анықтама

    «Актөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ-нің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау нәтижелері туралы АНАЛИТИКАЛЫҚ АНЫҚТАМА

    АНАЛИТИКАЛЫҚАНЫҚТАМА Ақтөбе қ. 2026 жылғы «22» шілде Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау «Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесінде (бұдан әрі – Басқарма) «Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесі басшысының 2026 жылғы 8 маусымдағы №442 бұйрығы негізінде жүргізілді. Ішкі талдау жүргізу мерзімі: 2026 жылғы 22 маусымнан 22 шілдеге дейін. Талданатын кезең: 2026 жылғы 1 қаңтардан 2026 жылғы 22 шілдеге дейін. Талдау объектісі туралы мәліметтер: Басқарма халықты жұмыспен қамту, халықты әлеуметтік қорғау, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, халыққа мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету, арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну, халықты әлеуметтік қорғау саласында жергілікті атқарушы органдар көрсететін мемлекеттік қызметтерді ұйымдастыру және жүзеге асыру саласындағы мемлекеттік саясатты қамтамасыз етуге және іске асыруға уәкілетті атқарушы орган болып табылады. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады. Басқарманың құрылтай құжаты Ақтөбе облысы әкімдігінің 2016 жылғы 30 желтоқсандағы №552 қаулысымен бекітілген Ереже болып табылады. Басқарма қызметін қаржыландыру облыстық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Ережеге сәйкес Басқарманың негізгі міндеттері мыналар болып табылады: халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты қамтамасыз ету және іске асыру; халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік кепілдіктерді қамтамасыз ету; мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және оларға әлеуметтік көмек көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты қамтамасыз ету және іске асыру; арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты қамтамасыз ету және іске асыру; өңірлік деңгейде әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыру, әлеуметтік әріптестікті нығайтуға және дамытуға жәрдемдесу; халыққа мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге байланысты мемлекеттік саясатты қамтамасыз ету және іске асыру; қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалтуды ұйымдастыруды үйлестіру; өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты қамтамасыз ету және іске асыру. Басқарманың ұйымдық құрылымын 4 құрылымдық бөлімше құрайды (бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау және қаржыландыру бөлімі; арнаулы әлеуметтік мекемелермен жұмыс және жиынтық-талдамалық ақпарат бөлімі; мүгедектігі бар адамдармен және ардагерлермен жұмыс бөлімі; жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек және көші-қон бөлімі). Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер: «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабына сәйкес, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, сондай-ақ оларға теңестірілген адамдардың өз өкілеттіктерін жеке, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерде пайдалануына әкеп соғуы мүмкін әрекеттерге жол бермеу мақсатында олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірқатар шектеулерді өзіне қабылдайды. Аталған шектеулер тиісті ұйымдардың персоналды басқару қызметтері (кадр қызметтері) тарапынан жазбаша түрде ресімделеді. Талдау жұмысы барысында талдау объектісіне қарасты ведомстволық бағынысты мекемелер директорларының жеке істері сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің сақталуы тұрғысынан зерделенді. Жеке істерді зерделеу нәтижесінде Басқармаға қарасты барлық ведомстволық бағынысты мекемелер директорларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдағаны анықталды, яғни «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптары толық көлемде орындалуда. Сонымен қатар, жазбаша міндеттемелерді зерделеу барысында барлық міндеттемелерде мынадай шектеулерді қабылдауға келісімнің жоқ екені анықталды: мемлекеттік функцияларды орындаумен сыйыспайтын қызметті жүзеге асыруға, жақын туыстардың, ерлі-зайыптылардың және жекжаттардың бірлесіп қызмет атқаруына (жұмыс істеуіне) жол бермеуге, ресми таратылуға жатпайтын қызметтік және өзге де ақпаратты мүліктік және мүліктік емес игіліктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында пайдаланбауға, егер мұндай әрекеттер (әрекетсіздік) аталған адамдардың қызметтік өкілеттіктеріне кіретін болса немесе олар өзінің лауазымдық жағдайына байланысты осындай әрекеттерге (әрекетсіздікке) ықпал ете алатын болса, сол әрекеттер (әрекетсіздік) үшін сыйақы, сыйлықтар немесе көрсетілетін қызметтер түріндегі материалдық сыйақыны қабылдамауға, Қазақстан Республикасынан тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде шоттар (салымдар) ашуға және иеленуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде қолма-қол ақша мен бағалы заттарды сақтауға қатысты. Сыбайлас жемқорлық тәуекелі: Қабылданған шектеулердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама талаптарына сәйкес келмеуі. Қабылданған шектеулердің толық болмауы және формальды сипатта болуы. Тұжырымдардың толық болмауына және заңнама талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты олар сақталмаған жағдайда жауаптылықтан жалтару тәуекелінің туындауы. №1 ұсыным:Басқарма «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының талаптарын және осы анықтамада берілген ұсынымдарды ескере отырып, ведомстволық бағынысты мекемелер директорларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерін жаңартсын. Әдеп нормаларын сақтау Мемлекеттік қызметті атқару қоғам мен мемлекет тарапынан көрсетілген ерекше сенімнің көрінісі болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептік келбетіне жоғары талаптар қояды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің (бұдан әрі – Әдеп кодексі) 6-тармағының 5) тармақшасына сәйкес мемлекеттік қызметшілер азаматтардың алдында өздері өкілі болып табылатын мемлекеттік органдардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және беделіне айқын нұқсан келтіретін әрекеттер жасауға жол бермеуге, сондай-ақ іскерлік әдепті және ресми мінез-құлық қағидаларын сақтауға міндетті. Талдау нәтижесінде Басқармада тікелей басшылар тарапынан бағынысты қызметкерлердің қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлқына тиісті деңгейде бақылау жасалмайтыны анықталды. Талдау барысында Басқарманың мемлекеттік қызметшілері тарапынан әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау фактілері анықталды. Атап айтқанда, 2026 жылғы 1 қаңтар мен 22 шілде аралығында талдау объектісінің 3 мемлекеттік қызметшісі әкімшілік жауаптылыққа тартылған, бұл мемлекеттік органның жалпы штат санының 10 %-ын құрайды. Сонымен қатар, талдау объектісінің бір мемлекеттік қызметшісінің бір күнтізбелік жыл ішінде екі әкімшілік құқық бұзушылық жасаған фактілері де орын алғанына назар аудару қажет. Құқық бұзушылық саласы: - жол жүрісі қағидаларын бұзу Анықтама үшін: - 2026 жылғы 22 қаңтарда және 30 сәуірде Бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау және қаржыландыру бөлімінің басшысы Раушанова Б.А. екі рет «Белгіленген қозғалыс жылдамдығын арттыру» бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. - 2026 жылғы 15 қаңтарда Бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау және қаржыландыру бөлімінің бас маманы Жумағалиева М.Б. «Жол белгілерімен немесе жол таңбаларымен белгіленген талаптарды сақтамау» бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. - 2026 жылғы 9 сәуірде Бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау және қаржыландыру бөлімінің бас маманы Урумбаев Д.А. «Көлік құралын басқару құқығын растайтын құжаттары өзімен бірге болмаған және көлік құралын басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы» бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелі: Тікелей басшылар тарапынан мемлекеттік қызметшілердің Қазақстан Республикасы Әдеп кодексінің талаптарын, оның ішінде қызметтен тыс уақытта сақтауына тиісті бақылаудың жеткіліксіз жүзеге асырылуы, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық жасау фактілеріне қатысты тиімді профилактикалық және тәртіптік ден қою шараларының болмауы жазасыздық ахуалының қалыптасуына, қызметтік тәртіп пен жауапкершілік деңгейінің төмендеуіне әкелетін сыбайлас жемқорлық тәуекелін туындатады. №2 ұсыным: Басқармаға ішкі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген талдау қорытындылары бойынша: - Талдау объектісі қызметкерлерінің қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау фактілерін анықтау мақсатында Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының дерекқорына тұрақты негізде ай сайын мониторинг жүргізу. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері: Басқармада өтініштерді есепке алу, тіркеу және қарау нысаны – электрондық. Басқармада өтініштермен жұмысты ұйымдастыруға жауапты құрылымдық бөлімше – Арнаулы әлеуметтік мекемелермен жұмыс және жиынтық-талдау ақпараты бөлімі. 2026 жылы Талдау объектісіне келіп түскен өтініштерді талдау нәтижесінде анықталды: Жеке және заңды тұлғалар өтініштерінің негізгі бағыттары: - әлеуметтік қамсыздандыру (жәрдемақыларды, өтемақыларды, зейнетақы төлемдерін, жұмыссыздық бойынша жәрдемақыларды төлеу, материалдық көмек көрсету, жеңілдіктер беру, әлеуметтік сақтандыру мәселелері); - қаржы қызметі және бюджеттік жоспарлау. Өтініштерді қарау практикасына жүргізілген іріктемелі талдау барысында өтініш берушілердің құқықтарының бұзылу фактілері, сондай-ақ жүйелі сипаттағы проблемалық мәселелер анықталған жоқ. Мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету: Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бірі – Әлеуметтік қызметтер порталында орналастырылмаған оңалтудың техникалық құралдарын (ОТҚ) мемлекеттік сатып алу арқылы қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта оңалтудың техникалық құралдарының (ОТҚ) жекелеген түрлері бойынша Әлеуметтік қызметтер порталында олардың құнын өтеудің шекті мөлшерлері белгіленбеген. Осыған байланысты алушыларды аталған ОТҚ-мен қамтамасыз ету мемлекеттік сатып алу рәсімдері арқылы жүзеге асырылады. ОТҚ сатып алу Әлеуметтік қызметтер порталынан тыс жүзеге асырылған жағдайда, өнім берушілерді іріктеу рәсімдерінің ашықтығы мен айқындығы төмендейді, сондай-ақ қоғамдық және ведомстволық бақылау мүмкіндігі шектеледі. Бірыңғай цифрлық есепке алу және мониторинг тетіктерінің болмауы өнім берушілерді, тауарлардың техникалық сипаттамаларын, олардың құнын және сатып алу көлемін айқындау кезінде субъективті шешімдердің қабылдануына жағдай жасайды. Бұдан басқа, Әлеуметтік қызметтер порталында ұсынылмаған ОТҚ-ны мемлекеттік сатып алу бәсекелестіктің негізсіз шектелуіне, жекелеген өнім берушілер үшін артықшылықты жағдайлардың жасалуына, тауарлардың жоғары бағамен сатып алынуына немесе алушылардың жеке қажеттіліктеріне сәйкес келмейтін өнімнің жеткізілуіне әкеп соғуы мүмкін. Сыбайлас жемқорлық тәуекелі: Осылайша, оңалтудың жекелеген техникалық құралдарын Әлеуметтік қызметтер порталында міндетті түрде орналастыру талаптарының болмауы мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауына алғышарттар қалыптастырады. Бұл нормативтік құқықтық реттеуді жетілдіруді, сондай-ақ сатып алу рәсімдерінің барынша ашықтығы мен цифрландырылуын қамтамасыз етуді талап етеді. №3 ұсыным:Мүгедектігі бар адамдармен және ардагерлермен жұмыс бөліміне бюджет қаражаты есебінен сатып алынатын оңалтудың барлық техникалық құралдарын Әлеуметтік қызметтер порталында міндетті түрде орналастыру не оларды Порталдан тыс сатып алуға жол берілетін ерекше жағдайлардың толық тізбесін айқындау, мұндай жағдайларды міндетті түрде құжаттық негіздеумен және тиісті шешімдердің қабылдануына бақылауды күшейту бөлігінде нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу туралы ұсынысты уәкілетті органға жолдау. Жұмыспен қамту және әлеуметтік төлемдер мәселелері бойынша: Бөлімнің міндеті – Ақтөбе қаласы мен аудандардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің, Еңбек мобильділігі орталығының және Ақтөбе қаласы мен аудандардың Отбасын қолдау орталықтарының халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыру, сондай-ақ Әлеуметтік кодекске және одан туындайтын өзге де нормативтік құқықтық актілерге, мемлекеттік және салалық бағдарламаларға сәйкес мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету, кепілдік берілген әлеуметтік пакет ұсыну, тұрғын үй көмегін көрсету, қиын өмірлік жағдайға тап болған аз қамтылған азаматтарға жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша әлеуметтік көмек көрсету мәселелері бойынша жұмыстарын үйлестіру. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, жұмыссыздарды және нысаналы топтарға кіретін адамдарды Жұмыспен қамту бағдарламасының белсенді нысандарына тарту. Аз қамтылған азаматтарды кедейлік деңгейінен шығару, аз қамтылған отбасыларды және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау. Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 14 шілдедегі №206-VIII Заңымен «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңына (бұдан әрі – Заң) өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оның ішінде 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде (бұдан әрі – МӘМС) медициналық көмек алу үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен мемлекет жарналарын төлеуді көздейтін норма енгізілді. МӘМС бойынша жергілікті бюджет қаражаты есебінен мемлекет жарналары мына тұлғалар үшін төленеді: 1) жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар үшін, субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан немесе жұмыс берушіде жұмыс орнында кәсіптік оқуға жіберілген адамдарды қоспағанда; 2) соңғы үш ай ішінде міндетті зейнетақы жарналарын аудармаған және Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау саласындағы заңнамасына сәйкес әлеуметтік әл-ауқаттың дағдарыстық немесе төтенше деңгейіне жатқызылған жұмыс істемейтін адамдар үшін, Заңның 26-бабының 1-тармағында көрсетілген адамдарды қоспағанда. Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Дүйсенова Т.Б. төрағалық еткен 2025 жылғы 29 тамыздағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі және дәрілік заттарды таңбалау мәселелері жөніндегі кеңес хаттамасының 2.1.2) тармағына сәйкес «D», «E» санаттары және жұмыссыздар бойынша жергілікті атқарушы органдардың жарналарды төлеу жөніндегі жұмыстарын ұйымдастыруға жауапты тұлғалар ретінде жергілікті атқарушы органдардың халықты әлеуметтік қорғау басқармалары айқындалған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің (2025 жылғы 14 қазандағы №16-01/5872-12//24-96 (23-61-10.254) тапсырмасына сәйкес аталған тапсырманың орындалуына жауапты орган Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі болып табылады. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға мемлекет жарналарын төлеу функциялары жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларының құзыретіне кірмейді. Сыбайлас жемқорлық тәуекелі: «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңға (бұдан әрі – Заң) енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі – МӘМС) жүйесінде медициналық көмек алу үшін D және Е санаттарына жататын тұлғалар мен жұмыссыздар үшін мемлекет жарналарын төлеу жергілікті атқарушы орган қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Тармақшада көрсетілген тұлғалар үшін жарналар медициналық ұйымдарға жүгіну фактісіне қарамастан, ағымдағы айдың алғашқы бес жұмыс күні ішінде ай сайын төленеді. Тармақшада көрсетілген тұлғалар үшін жарналар Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалған тәртіппен, аталған тұлғалардың МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу үшін жүгінген күні тиесілі айдан кейінгі айдың алғашқы он жұмыс күні ішінде ай сайын ағымдағы күнтізбелік жылдың соңына дейін төленеді. Бұл ретте медициналық қызмет алушылар бір облыста тіркелген, ал медициналық қызметті басқа облыста алған жағдайлар орын алуы мүмкін. Медициналық қызметтерді тұтынушы тұлғалардың бір санаттан екінші санатқа ауысуы жағдайында, ол Заңның 15-бабының 3-тармағына сәйкес МӘМС жарналарын төлеуші ретінде МӘМС бойынша жарналарды төлеу міндеттемесіне ие болады. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар мұндай тұлға үшін заңнамада белгіленген мөлшерде ағымдағы күнтізбелік жылдың соңына дейін ай сайын МӘМС жарналарын төлеуге міндетті. Сондай-ақ, МӘМС жүйесінде медициналық қызметтер алушы сақтандырылған тұлға қайтыс болған жағдайда, егер медициналық қызмет қайтыс болған күнге дейін нақты көрсетілген болса, жергілікті бюджет қаражаты есебінен жарналарды төлеу белгіленген тәртіппен ағымдағы күнтізбелік жылдың соңына дейін жүзеге асырылады, себебі тұлғаның қайтыс болуы медициналық көмектің көрсетілу фактісіне байланысты бұрын туындаған міндеттемені тоқтатпайды. Аталған тәсіл МӘМС туралы Заңның 26-1-бабына сәйкес келеді. Аталған функция әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің МӘМС қаржыландыру және бақылау мәселелері бойынша біліктілігі мен тәжірибесінің жеткіліксіздігіне байланысты елеулі қиындықтар туындатады, қаржылық бұзушылықтарға әкелуі және медициналық ұйымдармен өзара іс-қимылды үйлестіруде қиындықтар тудыруы мүмкін. №4 ұсыным: Жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек және көші-қон бөліміне аталған функцияны Денсаулық сақтау басқармасына беру қажеттілігі туралы ұсынысты уәкілетті органдарға жолдау. Арнаулы әлеуметтік қызметтер: Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы №230 бұйрығымен бекітілген Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар қызметінің қағидаларына жүргізілген талдау құқықтық олқылықтардың және өтініш берушілер ұсынатын жекелеген мәліметтерді тексеру тетіктерінің жоқтығын көрсетті. Бұл субъективті бағалау және толық емес немесе анық емес деректер негізінде шешімдер қабылдануына жағдай жасайды. Атап айтқанда: - Қағидаларда атасы (әжесі) мен бір елді мекенде тұратын еңбекке қабілетті кәмелетке толған немерелердің күтім жасауға қатысуын есепке алу мәселесі реттелмеген, бұл арнаулы әлеуметтік қызметтер алуға құқықты айқындау кезінде нормалардың әркелкі қолданылуына жол береді. - Отбасылық жанжалдың болуын растайтын құжаттардың толық тізбесі белгіленбеген, сондай-ақ олардың қолданылу мерзіміне және заңды күшінің жойылу негіздеріне қойылатын талаптар көзделмеген. Бұл жағдай жанжалдың нақты болуын объективті түрде анықтауға мүмкіндік бермейтін құжаттардың ұсынылуына жағдай жасайды, сондай-ақ лауазымды тұлғалардың субъективті шешім қабылдауына ықпал етеді. - Өтініш берушінің еңбекке қабілетті кәмелетке толған балалары туралы мәліметтерді (олардың саны, жасы және тұрғылықты жері) тексеру тетігі жоқ. Аталған мәліметтер негізінен өтініш берушінің сөзінен қабылданады, себебі қолданыстағы Қағидаларда оларды растайтын құжаттарды ұсыну немесе ресми мемлекеттік ақпараттық жүйелерді пайдалану көзделмеген. Бұл анық емес ақпарат ұсыну және мұндай қызметтерді алуға құқығы жоқ тұлғалардың арнаулы әлеуметтік қызметтерді негізсіз алу тәуекелін туындатады. Сыбайлас жемқорлық тәуекелі: Аталған жағдайлар арнаулы әлеуметтік қызметтерді тағайындау кезінде объективті емес шешімдер қабылдау, өтініштерді қарауда таңдамалы тәсілді қолдану, сондай-ақ нақты регламенттелген өлшемдер мен мәліметтерді тексеру тетіктерінің болмауына байланысты лауазымды тұлғалардың дискрециялық өкілеттіктерін теріс пайдалану мүмкіндігін білдіретін сыбайлас жемқорлық тәуекелін қалыптастырады. №5 ұсыным: Арнаулы әлеуметтік мекемелермен жұмыс және жиынтық-талдау ақпараты бөліміне Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы №230 «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар қызметінің қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсынысты уәкілетті органға жолдау. Жалпы ұсынымдар: - Басқармаға сыртқы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау барысында анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі – Жоспар)10 жұмыс күнінен кешіктірмей әзірлеу және бекіту тапсырылсын; - Басқармаға ішкі талдау нәтижелері бойынша анықтаманың қол қойылған күнінен бастап 6 ай ішінде Жоспарға сәйкес ұсынымдардың орындалуын мониторинг жасау тапсырылсын.

    Жарияланды:
    Кесте

    Азаматтарды қабылдау орталығында азаматтарды қабылдаудың 2026 жылғы 3- тоқсанға бекітілген бірыңғай кестесі

    3-тоқсан кесте

    Жарияланды: