«Актөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ-нің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау нәтижелері туралы АНАЛИТИКАЛЫҚ АНЫҚТАМА

    ·

    АНАЛИТИКАЛЫҚАНЫҚТАМА

    Ақтөбе қ. 2026 жылғы «22» шілде

    Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау «Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесінде (бұдан әрі – Басқарма) «Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесі басшысының 2026 жылғы 8 маусымдағы №442 бұйрығы негізінде жүргізілді.

    Ішкі талдау жүргізу мерзімі: 2026 жылғы 22 маусымнан 22 шілдеге дейін.

    Талданатын кезең: 2026 жылғы 1 қаңтардан 2026 жылғы 22 шілдеге дейін.

    Талдау объектісі туралы мәліметтер:

    Басқарма халықты жұмыспен қамту, халықты әлеуметтік қорғау, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, халыққа мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету, арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну, халықты әлеуметтік қорғау саласында жергілікті атқарушы органдар көрсететін мемлекеттік қызметтерді ұйымдастыру және жүзеге асыру саласындағы мемлекеттік саясатты қамтамасыз етуге және іске асыруға уәкілетті атқарушы орган болып табылады.

    Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады.

    Басқарманың құрылтай құжаты Ақтөбе облысы әкімдігінің 2016 жылғы 30 желтоқсандағы №552 қаулысымен бекітілген Ереже болып табылады.

    Басқарма қызметін қаржыландыру облыстық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

    Ережеге сәйкес Басқарманың негізгі міндеттері мыналар болып табылады: халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты қамтамасыз ету және іске асыру; халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік кепілдіктерді қамтамасыз ету; мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және оларға әлеуметтік көмек көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты қамтамасыз ету және іске асыру; арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты қамтамасыз ету және іске асыру; өңірлік деңгейде әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыру, әлеуметтік әріптестікті нығайтуға және дамытуға жәрдемдесу; халыққа мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге байланысты мемлекеттік саясатты қамтамасыз ету және іске асыру; қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалтуды ұйымдастыруды үйлестіру; өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты қамтамасыз ету және іске асыру.

    Басқарманың ұйымдық құрылымын 4 құрылымдық бөлімше құрайды (бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау және қаржыландыру бөлімі; арнаулы әлеуметтік мекемелермен жұмыс және жиынтық-талдамалық ақпарат бөлімі; мүгедектігі бар адамдармен және ардагерлермен жұмыс бөлімі; жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек және көші-қон бөлімі).

    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер:

    «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабына сәйкес, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, сондай-ақ оларға теңестірілген адамдардың өз өкілеттіктерін жеке, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерде пайдалануына әкеп соғуы мүмкін әрекеттерге жол бермеу мақсатында олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірқатар шектеулерді өзіне қабылдайды. Аталған шектеулер тиісті ұйымдардың персоналды басқару қызметтері (кадр қызметтері) тарапынан жазбаша түрде ресімделеді.

    Талдау жұмысы барысында талдау объектісіне қарасты ведомстволық бағынысты мекемелер директорларының жеке істері сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің сақталуы тұрғысынан зерделенді.

    Жеке істерді зерделеу нәтижесінде Басқармаға қарасты барлық ведомстволық бағынысты мекемелер директорларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдағаны анықталды, яғни «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптары толық көлемде орындалуда.

    Сонымен қатар, жазбаша міндеттемелерді зерделеу барысында барлық міндеттемелерде мынадай шектеулерді қабылдауға келісімнің жоқ екені анықталды: мемлекеттік функцияларды орындаумен сыйыспайтын қызметті жүзеге асыруға, жақын туыстардың, ерлі-зайыптылардың және жекжаттардың бірлесіп қызмет атқаруына (жұмыс істеуіне) жол бермеуге, ресми таратылуға жатпайтын қызметтік және өзге де ақпаратты мүліктік және мүліктік емес игіліктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында пайдаланбауға, егер мұндай әрекеттер (әрекетсіздік) аталған адамдардың қызметтік өкілеттіктеріне кіретін болса немесе олар өзінің лауазымдық жағдайына байланысты осындай әрекеттерге (әрекетсіздікке) ықпал ете алатын болса, сол әрекеттер (әрекетсіздік) үшін сыйақы, сыйлықтар немесе көрсетілетін қызметтер түріндегі материалдық сыйақыны қабылдамауға, Қазақстан Республикасынан тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде шоттар (салымдар) ашуға және иеленуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде қолма-қол ақша мен бағалы заттарды сақтауға қатысты.

    Сыбайлас жемқорлық тәуекелі:

    Қабылданған шектеулердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама талаптарына сәйкес келмеуі. Қабылданған шектеулердің толық болмауы және формальды сипатта болуы. Тұжырымдардың толық болмауына және заңнама талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты олар сақталмаған жағдайда жауаптылықтан жалтару тәуекелінің туындауы.

    №1 ұсыным: Басқарма «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының талаптарын және осы анықтамада берілген ұсынымдарды ескере отырып, ведомстволық бағынысты мекемелер директорларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерін жаңартсын.

    Әдеп нормаларын сақтау

    Мемлекеттік қызметті атқару қоғам мен мемлекет тарапынан көрсетілген ерекше сенімнің көрінісі болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептік келбетіне жоғары талаптар қояды.

    Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің (бұдан әрі – Әдеп кодексі) 6-тармағының 5) тармақшасына сәйкес мемлекеттік қызметшілер азаматтардың алдында өздері өкілі болып табылатын мемлекеттік органдардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және беделіне айқын нұқсан келтіретін әрекеттер жасауға жол бермеуге, сондай-ақ іскерлік әдепті және ресми мінез-құлық қағидаларын сақтауға міндетті.

    Талдау нәтижесінде Басқармада тікелей басшылар тарапынан бағынысты қызметкерлердің қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлқына тиісті деңгейде бақылау жасалмайтыны анықталды.

    Талдау барысында Басқарманың мемлекеттік қызметшілері тарапынан әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау фактілері анықталды. Атап айтқанда, 2026 жылғы 1 қаңтар мен 22 шілде аралығында талдау объектісінің 3 мемлекеттік қызметшісі әкімшілік жауаптылыққа тартылған, бұл мемлекеттік органның жалпы штат санының 10 %-ын құрайды.

    Сонымен қатар, талдау объектісінің бір мемлекеттік қызметшісінің бір күнтізбелік жыл ішінде екі әкімшілік құқық бұзушылық жасаған фактілері де орын алғанына назар аудару қажет.

    Құқық бұзушылық саласы:

    - жол жүрісі қағидаларын бұзу

    Анықтама үшін:

    - 2026 жылғы 22 қаңтарда және 30 сәуірде Бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау

    және қаржыландыру бөлімінің басшысы Раушанова Б.А. екі рет «Белгіленген қозғалыс жылдамдығын арттыру» бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

    - 2026 жылғы 15 қаңтарда Бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау және

    қаржыландыру бөлімінің бас маманы Жумағалиева М.Б. «Жол белгілерімен немесе жол таңбаларымен белгіленген талаптарды сақтамау» бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

    - 2026 жылғы 9 сәуірде Бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау және қаржыландыру бөлімінің бас маманы Урумбаев Д.А. «Көлік құралын басқару құқығын растайтын құжаттары өзімен бірге болмаған және көлік құралын басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы» бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

    Сыбайлас жемқорлық тәуекелі:

    Тікелей басшылар тарапынан мемлекеттік қызметшілердің Қазақстан Республикасы Әдеп кодексінің талаптарын, оның ішінде қызметтен тыс уақытта сақтауына тиісті бақылаудың жеткіліксіз жүзеге асырылуы, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық жасау фактілеріне қатысты тиімді профилактикалық және тәртіптік ден қою шараларының болмауы жазасыздық ахуалының қалыптасуына, қызметтік тәртіп пен жауапкершілік деңгейінің төмендеуіне әкелетін сыбайлас жемқорлық тәуекелін туындатады.

    №2 ұсыным:

    Басқармаға ішкі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген талдау қорытындылары бойынша:

    - Талдау объектісі қызметкерлерінің қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау фактілерін анықтау мақсатында Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының дерекқорына тұрақты негізде ай сайын мониторинг жүргізу.

    Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері:

    Басқармада өтініштерді есепке алу, тіркеу және қарау нысаны – электрондық.

    Басқармада өтініштермен жұмысты ұйымдастыруға жауапты құрылымдық бөлімше – Арнаулы әлеуметтік мекемелермен жұмыс және жиынтық-талдау ақпараты бөлімі.

    2026 жылы Талдау объектісіне келіп түскен өтініштерді талдау нәтижесінде

    анықталды:

    Жеке және заңды тұлғалар өтініштерінің негізгі бағыттары:

    - әлеуметтік қамсыздандыру (жәрдемақыларды, өтемақыларды, зейнетақы төлемдерін, жұмыссыздық бойынша жәрдемақыларды төлеу, материалдық көмек көрсету, жеңілдіктер беру, әлеуметтік сақтандыру мәселелері);

    - қаржы қызметі және бюджеттік жоспарлау.

    Өтініштерді қарау практикасына жүргізілген іріктемелі талдау барысында өтініш берушілердің құқықтарының бұзылу фактілері, сондай-ақ жүйелі сипаттағы проблемалық мәселелер анықталған жоқ.

    Мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету:

    Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бірі – Әлеуметтік қызметтер порталында орналастырылмаған оңалтудың техникалық құралдарын (ОТҚ) мемлекеттік сатып алу арқылы қамтамасыз ету.

    Қазіргі уақытта оңалтудың техникалық құралдарының (ОТҚ) жекелеген түрлері бойынша Әлеуметтік қызметтер порталында олардың құнын өтеудің шекті мөлшерлері белгіленбеген. Осыған байланысты алушыларды аталған ОТҚ-мен қамтамасыз ету мемлекеттік сатып алу рәсімдері арқылы жүзеге асырылады.

    ОТҚ сатып алу Әлеуметтік қызметтер порталынан тыс жүзеге асырылған жағдайда, өнім берушілерді іріктеу рәсімдерінің ашықтығы мен айқындығы төмендейді, сондай-ақ қоғамдық және ведомстволық бақылау мүмкіндігі шектеледі. Бірыңғай цифрлық есепке алу және мониторинг тетіктерінің болмауы өнім берушілерді, тауарлардың техникалық сипаттамаларын, олардың құнын және сатып алу көлемін айқындау кезінде субъективті шешімдердің қабылдануына жағдай жасайды.

    Бұдан басқа, Әлеуметтік қызметтер порталында ұсынылмаған ОТҚ-ны мемлекеттік сатып алу бәсекелестіктің негізсіз шектелуіне, жекелеген өнім берушілер үшін артықшылықты жағдайлардың жасалуына, тауарлардың жоғары бағамен сатып алынуына немесе алушылардың жеке қажеттіліктеріне сәйкес келмейтін өнімнің жеткізілуіне әкеп соғуы мүмкін.

    Сыбайлас жемқорлық тәуекелі:

    Осылайша, оңалтудың жекелеген техникалық құралдарын Әлеуметтік қызметтер порталында міндетті түрде орналастыру талаптарының болмауы мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауына алғышарттар қалыптастырады. Бұл нормативтік құқықтық реттеуді жетілдіруді, сондай-ақ сатып алу рәсімдерінің барынша ашықтығы мен цифрландырылуын қамтамасыз етуді талап етеді.

    №3 ұсыным: Мүгедектігі бар адамдармен және ардагерлермен жұмыс бөліміне бюджет қаражаты есебінен сатып алынатын оңалтудың барлық техникалық құралдарын Әлеуметтік қызметтер порталында міндетті түрде орналастыру не оларды Порталдан тыс сатып алуға жол берілетін ерекше жағдайлардың толық тізбесін айқындау, мұндай жағдайларды міндетті түрде құжаттық негіздеумен және тиісті шешімдердің қабылдануына бақылауды күшейту бөлігінде нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу туралы ұсынысты уәкілетті органға жолдау.

    Жұмыспен қамту және әлеуметтік төлемдер мәселелері бойынша:

    Бөлімнің міндеті – Ақтөбе қаласы мен аудандардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің, Еңбек мобильділігі орталығының және Ақтөбе қаласы мен аудандардың Отбасын қолдау орталықтарының халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыру, сондай-ақ Әлеуметтік кодекске және одан туындайтын өзге де нормативтік құқықтық актілерге, мемлекеттік және салалық бағдарламаларға сәйкес мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету, кепілдік берілген әлеуметтік пакет ұсыну, тұрғын үй көмегін көрсету, қиын өмірлік жағдайға тап болған аз қамтылған азаматтарға жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша әлеуметтік көмек көрсету мәселелері бойынша жұмыстарын үйлестіру. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, жұмыссыздарды және нысаналы топтарға кіретін адамдарды Жұмыспен қамту бағдарламасының белсенді нысандарына тарту. Аз қамтылған азаматтарды кедейлік деңгейінен шығару, аз қамтылған отбасыларды және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау.

    Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 14 шілдедегі №206-VIII Заңымен «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңына (бұдан әрі – Заң) өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оның ішінде 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде (бұдан әрі – МӘМС) медициналық көмек алу үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен мемлекет жарналарын төлеуді көздейтін норма енгізілді.

    МӘМС бойынша жергілікті бюджет қаражаты есебінен мемлекет жарналары мына тұлғалар үшін төленеді:

    1) жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар үшін, субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан немесе жұмыс берушіде жұмыс орнында кәсіптік оқуға жіберілген адамдарды қоспағанда;

    2) соңғы үш ай ішінде міндетті зейнетақы жарналарын аудармаған және Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау саласындағы заңнамасына сәйкес әлеуметтік әл-ауқаттың дағдарыстық немесе төтенше деңгейіне жатқызылған жұмыс істемейтін адамдар үшін, Заңның 26-бабының 1-тармағында көрсетілген адамдарды қоспағанда.

    Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Дүйсенова Т.Б. төрағалық еткен 2025 жылғы 29 тамыздағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі және дәрілік заттарды таңбалау мәселелері жөніндегі кеңес хаттамасының 2.1.2) тармағына сәйкес «D», «E» санаттары және жұмыссыздар бойынша жергілікті атқарушы органдардың жарналарды төлеу жөніндегі жұмыстарын ұйымдастыруға жауапты тұлғалар ретінде жергілікті атқарушы органдардың халықты әлеуметтік қорғау басқармалары айқындалған.

    Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің (2025 жылғы 14 қазандағы №16-01/5872-12//24-96 (23-61-10.254) тапсырмасына сәйкес аталған тапсырманың орындалуына жауапты орган Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі болып табылады.

    Жергілікті бюджет қаражаты есебінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға мемлекет жарналарын төлеу функциялары жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларының құзыретіне кірмейді.

    Сыбайлас жемқорлық тәуекелі:

    «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңға (бұдан әрі – Заң) енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі – МӘМС) жүйесінде медициналық көмек алу үшін D және Е санаттарына жататын тұлғалар мен жұмыссыздар үшін мемлекет жарналарын төлеу жергілікті атқарушы орган қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

    Тармақшада көрсетілген тұлғалар үшін жарналар медициналық ұйымдарға жүгіну фактісіне қарамастан, ағымдағы айдың алғашқы бес жұмыс күні ішінде ай сайын төленеді.

    Тармақшада көрсетілген тұлғалар үшін жарналар Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалған тәртіппен, аталған тұлғалардың МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу үшін жүгінген күні тиесілі айдан кейінгі айдың алғашқы он жұмыс күні ішінде ай сайын ағымдағы күнтізбелік жылдың соңына дейін төленеді.

    Бұл ретте медициналық қызмет алушылар бір облыста тіркелген, ал медициналық қызметті басқа облыста алған жағдайлар орын алуы мүмкін.

    Медициналық қызметтерді тұтынушы тұлғалардың бір санаттан екінші санатқа ауысуы жағдайында, ол Заңның 15-бабының 3-тармағына сәйкес МӘМС жарналарын төлеуші ретінде МӘМС бойынша жарналарды төлеу міндеттемесіне ие болады.

    Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар мұндай тұлға үшін заңнамада белгіленген мөлшерде ағымдағы күнтізбелік жылдың соңына дейін ай сайын МӘМС жарналарын төлеуге міндетті.

    Сондай-ақ, МӘМС жүйесінде медициналық қызметтер алушы

    сақтандырылған тұлға қайтыс болған жағдайда, егер медициналық қызмет қайтыс болған күнге дейін нақты көрсетілген болса, жергілікті бюджет қаражаты есебінен жарналарды төлеу белгіленген тәртіппен ағымдағы күнтізбелік жылдың соңына дейін жүзеге асырылады, себебі тұлғаның қайтыс болуы медициналық көмектің көрсетілу фактісіне байланысты бұрын туындаған міндеттемені тоқтатпайды.

    Аталған тәсіл МӘМС туралы Заңның 26-1-бабына сәйкес келеді.

    Аталған функция әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің МӘМС қаржыландыру және бақылау мәселелері бойынша біліктілігі мен тәжірибесінің жеткіліксіздігіне байланысты елеулі қиындықтар туындатады, қаржылық бұзушылықтарға әкелуі және медициналық ұйымдармен өзара іс-қимылды үйлестіруде қиындықтар тудыруы мүмкін.

    №4 ұсыным:

    Жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек және көші-қон бөліміне аталған функцияны Денсаулық сақтау басқармасына беру қажеттілігі туралы ұсынысты уәкілетті органдарға жолдау.

    Арнаулы әлеуметтік қызметтер:

    Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы №230 бұйрығымен бекітілген Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар қызметінің қағидаларына жүргізілген талдау құқықтық олқылықтардың және өтініш берушілер ұсынатын жекелеген мәліметтерді тексеру тетіктерінің жоқтығын көрсетті. Бұл субъективті бағалау және толық емес немесе анық емес деректер негізінде шешімдер қабылдануына жағдай жасайды.

    Атап айтқанда:

    - Қағидаларда атасы (әжесі) мен бір елді мекенде тұратын еңбекке қабілетті кәмелетке толған немерелердің күтім жасауға қатысуын есепке алу мәселесі реттелмеген, бұл арнаулы әлеуметтік қызметтер алуға құқықты айқындау кезінде нормалардың әркелкі қолданылуына жол береді.

    - Отбасылық жанжалдың болуын растайтын құжаттардың толық тізбесі белгіленбеген, сондай-ақ олардың қолданылу мерзіміне және заңды күшінің жойылу негіздеріне қойылатын талаптар көзделмеген. Бұл жағдай жанжалдың нақты болуын объективті түрде анықтауға мүмкіндік бермейтін құжаттардың ұсынылуына жағдай жасайды, сондай-ақ лауазымды тұлғалардың субъективті шешім қабылдауына ықпал етеді.

    - Өтініш берушінің еңбекке қабілетті кәмелетке толған балалары туралы мәліметтерді (олардың саны, жасы және тұрғылықты жері) тексеру тетігі жоқ. Аталған мәліметтер негізінен өтініш берушінің сөзінен қабылданады, себебі қолданыстағы Қағидаларда оларды растайтын құжаттарды ұсыну немесе ресми мемлекеттік ақпараттық жүйелерді пайдалану көзделмеген. Бұл анық емес ақпарат ұсыну және мұндай қызметтерді алуға құқығы жоқ тұлғалардың арнаулы әлеуметтік қызметтерді негізсіз алу тәуекелін туындатады.

    Сыбайлас жемқорлық тәуекелі:

    Аталған жағдайлар арнаулы әлеуметтік қызметтерді тағайындау кезінде объективті емес шешімдер қабылдау, өтініштерді қарауда таңдамалы тәсілді қолдану, сондай-ақ нақты регламенттелген өлшемдер мен мәліметтерді тексеру тетіктерінің болмауына байланысты лауазымды тұлғалардың дискрециялық өкілеттіктерін теріс пайдалану мүмкіндігін білдіретін сыбайлас жемқорлық тәуекелін қалыптастырады.

    №5 ұсыным:

    Арнаулы әлеуметтік мекемелермен жұмыс және жиынтық-талдау ақпараты бөліміне Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы №230 «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар қызметінің қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсынысты уәкілетті органға жолдау.

    Жалпы ұсынымдар:

    - Басқармаға сыртқы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау барысында анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі – Жоспар)10 жұмыс күнінен кешіктірмей әзірлеу және бекіту тапсырылсын;

    - Басқармаға ішкі талдау нәтижелері бойынша анықтаманың қол қойылған күнінен бастап 6 ай ішінде Жоспарға сәйкес ұсынымдардың орындалуын мониторинг жасау тапсырылсын.

    Ұқсас материалдар

    Кесте

    Азаматтарды қабылдау орталығында азаматтарды қабылдаудың 2026 жылғы 3- тоқсанға бекітілген бірыңғай кестесі

    3-тоқсан кесте

    Жарияланды: