Ақтөбе өңірінде әлеуметтік мекемелерге қаржылай қолдау көрсетілді

    1 / 6

    Ақтөбе облысында әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған жаңа қолдау шарасы қолға алынды. Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне орай өңірдегі бес әлеуметтік мекемеге қажетті жабдықтар сатып алу үшін жалпы құны 55 миллион теңгені құрайтын сертификат табысталды.

    Атап айтқанда, 10 миллион теңгелік сертификат - №1 әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы, №2 әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы, №3 әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы және Ақтөбе қаласындағы «Қамқорлық» орталығына берілді. Ал 15 миллион теңгенің сертификатына Темір ауданының Шұбарқұдық ауылында жақында ғана ашылған «Ainala» оңалту орталығы ие болды.

    Бөлінетін қаражат мекемелердің қажеттілігіне қарай жабдықтар мен құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсалады. Нәтижесінде әлеуметтік қызметкерлердің жұмыс мүмкіндігі кеңейіп, қарттар, мүгедектігі бар азаматтар мен ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін қолайлы жағдай жасауға қосымша мүмкіндік туады.

    Бүгінде Ақтөбе облысында әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі бірнеше бағыт бойынша дамып келеді. Өңірдегі мекемелерде стационарлық және жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынылады.

    Атап айтқанда, «№1 әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында» 238 адам, «№2 әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында» 430 адам бар. Ал балаларға арналған «№3 әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» 60 баланы қамтып отыр.

    Бұдан бөлек, Ақтөбе қаласындағы «Қамқорлық» орталығы 100 балаға,«Ainala» оңалту орталығы тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық патологиялары бар 100 балаға қызмет көрсетуге қауқарлы.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" жаңалықтары