Бурабай ауданында «Shabyt Fantasy» шығармашылық үйі ашылды

    1 / 7

    Ақмола облысының Бурабай ауданында Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Shabyt Fantasy» шығармашылық үйі ашылды. Кешен балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілетін дамытуға және сауықтыру демалысына бағытталған.

    Іс-шараның ашылуы рәсіміне ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқармасының төрағасы Ләззат Шыңғысбаева, университет ректоры Ғалым Ахмедьяров, шығармашылық қауым өкілдері, оқытушылар мен студенттер қатысты.

    Айбек Сыдықов өз сөзінде жас ұрпақтың талантын танып, қабілетін шыңдауға қолайлы жағдай жасаудың маңызы туралы айтты.

    «Мемлекет басшысы өз Жолдауында өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау, дарынды балалардың қабілетін шыңдау және олардың шығармашылық әлеуетін қолдаудың маңыздылығын атап өткен. Әр баланың бойындағы талантты дер кезінде танып, оны шыңдауға жағдай жасау – бәрімізге ортақ міндет. «Shabyt Fantasy» осы мақсатқа қызмет етіп, жас өрендердің арман-талабын қолдайтын, өнерге деген құштарлығын арттыратын ортаға айналады деп сенемін», – деді вице-министр.

    Көпшілік салтанатты ашылу рәсімі барысында кешеннің тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ станокты кескіндеме мен сценография бойынша «Қиял самғау» шеберлік сабағы өтті. Университеттің жас орындаушылары мен шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерт өтті.

    Шығармашылық үйі Қатаркөл көлінің маңында орналасқан. Жалпы аумағы 4,7 мың шаршы метрден асатын кешенге 91 бөлмелі төрт тұрғын корпус және екі қабатты клуб-асхана ғимараты кіреді. Кешен бір мезгілде 305 адамды қабылдай алады. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен кешен аумағында спорт алаңдары салынды.

    Шығармашылық үйі жыл бойы жұмыс істейді. Мұнда шеберлік сабақтары, дайындық жұмыстары, оқу-жаттығу жиындары, концерттер, байқаулар, фестивальдер мен оқу курстарын өткізу жоспарланған.

    ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі" жаңалықтары